ҚХЛ: «Барыс» - «Адмирал» 2:3

"Барыс" құрлықтық хоккей лигасының кезекті турында "Адмиралмен" айдынға шықты.

Шығыс конференциясының аудсайдерлері арасындағы матч қашанда тартысты өтеді. Елордалықтар Владивосток командасын осы айда екінші мәрте қабылдап отыр. Алғашқы ойында Скабелка шәкірттері табандылық танытып, 4:3 есебімен жеңіске жеткен еді. Бұл жолы "Адмирал" жігіттері қарымта қайтарды. Скабелка қақпаға Адрей Шутовты қойып, Әлихан Әсетовке де орын тауып берді. Есепті қонақтар ашты. Джованни Фьоре "Барыстың" қорғанысын бұзып-жарып қақпаны дәл көздеді. Бірінші кезеңде жанкүйерлер жалғыз шайбаға куә болды. Қарсыластар үзілістен кейін де нәтижелі ойын көрсете қоймады. 25-ші минутта Прохор Корбит айдындағы сан басымдығын сәтті пайдаланып, "Барыс" қақпасына екінші шайбаны соқты. Астаналықтар тайм соңына қарай жауап қатты. Понтус Оберг кезекті шабуылды нәтижелі түйіндеп, ойынды қыздыра түсті. Сосын Райли Барбер таразы басын теңестіріп, кездесу овертаймға созылды. Қосымша уақытта да жеңімпаз команда анықталмады. Буллит сериясында "Адмиралдың" мерейі үстем болды. "Барыс" ертең "Сібірді" қабылдайды.