Елордада дзюдодан Қазақстан чемпионаты басталды
Елордада дзюдодан ерлер мен әйелдер арасында ел чемпионаты басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».
Татами шеберлерінің жарысы 12-15 қараша күндері Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтеді.
Жарыстың алғашқы күнінде ерлер арасында 60-66 келі, ал әйелдер арасында 48-52 келі салмақтағы спортшылар арасында жүлде сарапқа салынбақ. Бәсекеге еліміздің түкпір-түкпірінен 500-ге жуық дзюдошы келді. 4 күнге жоспарланған чемпионатта ерлер мен әйелдер 7 салмақ дәрежесінде өзара мықтыны анықтайды. Артынша аралас командалық сайыс өтіп, жеңімпаздарға Қазақстан кубогы табысталады.
Жандос Қонысбаев, ҚР мемлекеттік жаттықтырушы:
- Бүгін жарысымыз арнайы Астана қаласында өтіп отыр. Осы жарысқа шет елден 3 маман алдырып отырмыз. Ол – төрешілер. Яғни, 3 супервайзер 3 татамиді, ҚР төрешілері қызмет еткенімен, оның барлығын қадағалайтын шетелдік төрешілер болады. Бұл – біз үшін жаңа практика, жаңа бір бағыт.
Қатысушылар арасында ұлттық құрама сапында ел намысын қорғап жүрген татами шеберлері бар. Атап айтқанда, Нұрқанат Серікбаев, Данияр Шамшаев, Ислам Бозбаев, Ғалымжан Қырықбай, Ғалия Тынбаева, Камила Берліқаш сынды Азия чемпионатының, әлемдік Гран-при және Grand Slam жарыстарының жеңімпаз-жүлдегерлері қатысып жатыр.
Мухсин Нұртазин, Қазақстан дзюдо федерациясының рефери директоры:
- Енді төрелік әрқашанда қиын болады. Өйткені әрбір адам өз көз-қарасымен қарайды. Сонымен кей кезде дұрыс нәрсені дұрыс емес деп айтуы да мүмкін. Бірақ төрешінің алдына салған ереже бар. Сол ереже бойынша өткізеді жарысты.
Нұрсұлтан Жұбатхан, жарысқа қатысушы:
- Қазақстан чемпионатына ересектер арасында 1-ші рет қатысуым. Мен өзім Маңғыстау облысынан келдім. Өте жақсы дайындық үстінде келдік. Бұйырса, осы Қазақстанда топ жарып, дайындығымыздың мықты екенін көрсететін боламыз.
Чемпионат 15 қарашаға дейін жалғасады. Оның нәтижесінде әлемдік додаларға шығатын ұлттық құрама жасақталмақ.
Авторлары: Әлішер Әли, Наурызбай Құрманғазы.