Шымкентте жамбы атудан федерация кубогы өтіп жатыр
Шымкентте ересектер мен жастар жамбы атудан федерация кубогін сарапқа салып жатыр.
Сайысқа еліміздің 11 өңірінен 42 спортшы келген. Жарыс үш күнге жалғасады.
Атқа қонған сұрмергендер нысана көздеудің 4 түрі бойынша өзара сынға түсіп жатыр. Түрік, корей, мажар стилімен қатар, қазақтың байырғы ережесі бойынша жылдамдығы мен мергендігін көрсетуі тиіс. Жамбыл облысының атынан Абзал Тұлыбеков арнайы келді.
Абзал Тұлыбеков, спортшы /Жамбыл облысы:
- Жарысқа өте тыңғылықты дайындалып келген қарсыластар. Жарыс оңай болып жатқан жоқ. Ауа райы да салқын. Түрік стилінде 4-5 орындарға тұрақтадым. Бұдан әрі Венгр стилі бар, қазақ стилі бар. Сол екі стиль бойынша жоғары нәтижелерге қол жеткіземіз деген үміттемін.
Бабы мен бағы сыналған сұрмергендердің қатарынан Абзалдан бөлек Айкөз Ералхан, Айтбек Сарыбай да байрақты бәсекеге жолдама алды. Олар келесі жылы Біріккен Араб әмірліктерінде өтетін әлем кубогына қатысады. Құраманың бас бапкері спортшылардың дайындығына жақсы баға берді.
Елдос Бадашев, жамбы атудан ұлттық құраманың бас бапкері:
- Біздің ереже Азияда, барлығы баяғы ата-бабамыздан келе жатқан жылдамдық пен көз мергендікке сай келтірілген. Әлем кубогына баратын спортшылар алдыңғы қатарда келе жатыр ғой енді. Осыған қарап дайын деп есептейміз.
Федерация кубогының ұйымдастырушылары бұл жолы қыздар құрамасына жеке дара шабуға мүмкіндік берді. Олар «Тамирис» ойынында бақ сынап, жүлдеге таласады. Ал кубоктан бөлек, «Тайтұяқ» ойынында қыл үзген мергенге 600 мың теңге беріледі.
Еркебұлан Ілиясов, жамбы ату федерациясының президенті:
- Біріншіден мына аттың ары-бері ауып кетпеуі үшін атқа арнайы жол жасадық. Екіншіден біздің жарысымыз әділ және таза өтуі үшін таймер қойып, қай кезде бастап, қай кезде аяқтағанын неше минут, неше секундта жүріп өтеткенін қараймыз. Бейнебақылау алып қойдық. Біздің спортшылар садағын атқан кезде неше ұпайға дәл тигізгенін қарап белгілеп отыруға.
Федерация басшысының сөзінше соңғы жылдары Жамбы ату спортын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Алдағы уақытта Шымкент қаласында арнайы академиясы ашылса, ұлттық спорттың осы түрі жайлы сериал да түсірілмек. Сондай-ақ маңызды ақпаратпен бөлісу үшін ресми сайт пен мобильді қосымша да іске қосылады. Ал республикалық сайыстың қорытындысы ертең белгілі болады.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы