Астанада паралимпиадалық боччадан жарыс өтті

Астанада паралимпиадалық боччадан Қазақстан Республикасының Кубогы сарапқа салынды.

Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында ұйымдастырылған сайыста 10 өңірден 60-тан астам спортшы бақ сынады. Жарыстың жабылу рәсіміне Парламент Сенатының Төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының Президенті Мәулен Әшімбаев қатысып, жеңімпаздарды марапаттады. Сенат төрағасы спортшылардың шеберлігі мен табандылығын айрықша атап өтті. Сондай-ақ, жарысқа қатысушыларға қолдау көрсеткен жаттықтырушылар мен ата-аналарға алғыс білдірді. Мәулен Әшімбаев сөз соңында Қазақстан бочча федерациясының қызметін қорытындылап, алдағы жұмыс жоспарына тоқталды.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

- Келесі жылы бірқатар іс-шара ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Алғаш рет боччадан ұлттық жасөспірімдер құрамасын жасақтаймыз. Федерация Туризм және спорт министрлігінің және демеушілердің қолдауымен келесі жылы ел чемпионаты, республика Кубогы, Сұлтанбек Орынбасаровты еске алуға арналған ашық турнир сияқты кем дегенде үш ірі республикалық жарыс ұйымдастыруды көздеп отыр. Одан бөлек, ұлттық құрамамыз бірқатар халықаралық додаларға қатысады.