ӘЧ: Қазақстан Жапонияны ұтты
Қатарынан төртінші жеңіс.
Венгрияда шайбалы хоккейден жастар арасындағы әлем чемпионаты жалғасып жатыр. «А» тобына түскен ұлттық командамыз бұл жолы Жапония құрамасымен жолықты. Матч ә дегеннен тарысты басталды және бірінші болып қарсыластар есеп ашты. Кейін, яғни 19-шы минутта Егор Смолянинов мергендігімен көзге түсіп, таразы басын теңестірді. Ал екінші кезеңде Кирилл Ляпунов мүмкіндігін сәтті пайдаланып, ұлттық құраманы алға шығарды. Үшінші кезеңде ұлттық команда сапындағы Руслан Оспанов қорытынды есепті 3:1-ге жеткізді. Айқын басымдықпен жеңіске жеткен Қазақстан құрамасы 4 ойыннан кейін 12 ұпай жинап, турнир тізімінің бірінші сатысына жайғасты.
Айта кетейік, Сергей Старыгин баптайтын жігіттер бұның алдында Венгрия, Дания және Франция құрамаларын ұтқан еді. Осының арқасында алдағы маусымда элиталы топта өнер көрсетуге мүмкіндік алды. Яғни, уақытынан бұрын мақсатқа қол жеткізді. Енді дәл осы әлем чемпионаты аясында Австрияға қарсы соңғы матч бар. Венгриядағы байрақты бәсеке 17 желтоқсанға дейін жалғасады.