Елордада ұлттық спорт үздіктері марапатталды

Елордада жылдағы дәстүр бойынша ерен еңбегімен көзге түсіп, ұлттық ойындарымызды дамытуға әрі насихаттауға үлес қосып жүрген азаматтар мен командаларға «Алтын тұғыр» сыйлығы табысталды, деп хабарлайды 24KZ.

Олар арнайы іріктеуден өтті. Мәселен, «Көкпар» аталымы бойынша Қазақстанның 13 дүркін чемпионы жамбылдық «Әулие ата» клубы жеңімпаз атанды. «Аударыспақ» аталымындағы сыйлыққа 70 келіде тұңғыш әлем чемпионы атанған Мұхаметжан Сайлау лайық деп танылды. «Жамбы ату» номинациясында әлем кубогының күміс жүлдегері әрі жастар арасындағы әлем чемпионы Батыр Бексауыт марапатталды. «Теңге ілу» аталымында сыйлық Азия чемпионы Бекнұр Серіковке бұйырды. «Дәстүрлі садақ ату» бойынша әлем кубогының екі дүркін чемпионы Аяулым Аппазова марапатталды. Ал «Тоғызқұмалақ» аталымы бойынша арнайы сыйлық Азия чемпионы Жанат Қаймолдинге табысталса, «Бәйге» бойынша республикалық турнирдің бірнеше дүркін жеңімпазы Бекзат Ділдахан және оның «Секрет» есімді тұлпарына берілді. Дәл осылай бас-аяғы 10 аталым бойынша үздіктер анықталды.