Мұғалім ауыл балаларынан Қазақстан чемпионын тәрбиелеп жүр

Ауыл мұғалімі өз үйінен үстел теннисінің залын ашып, балаларды спортқа баулып жүр.

Жанұзақ Сыдықов шағын ғана залдан жеті Қазақстан чемпионын шығарған. Аядай ғана ауылда жүріп, үлкен жетістіктерге құлаш сермеген жаттықтырушы Түркістан облысы, Сарыағаш ауданында тұрады.

Жанұзақ Сыдықов Дарбаза ауылындағы №70 мектепте 40 жылдан бері дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Оншақты жыл бұрын мектептің спорт залы өртеніп кеткенде 2-3 жыл балаларды жаттықтыратын орын таппай қиналдық дейді. Сосын өз үйінің ауласынан үстел теннисіне арнап, шағын зал салған. Содан бері ауыл балаларын жаттықтырып, түрлі жарыстарға апарып жүр.

Жанұзақ Сыдықов, үстел теннисінен жаттықтырушы:

- Менде үш тобым бар. Әр тобымда 10 оқушыдан. 2 тобымда қыздар, 1 тобымда балалар. Сағат 3-тен кешкі 6-ға дейін жұмыс істейді. Кешке қарай бұрынғы кеткен үлкен шәкірттерім де келіп дайындалып тұрады. Аудандық, облыстық жарыстарға дайын жүрейік деп. Осы үстел теннисінің арқасында 7 қазақстан чемпионын шығардым.

Тәжірибелі жаттықтырушы балаларды 5-6 жастан бастап, үстел теннисіне баулиды. Олардың арасында өзінің немерлері де бар. 6-сыныпта оқитын Диана Жанұзақ спорттың осы түрінен облыс чемпионатының жүлдегері. Ал Жасмин ауылдың чемпионы. Арманы - ел чемпионы болу.

Жасмина Жанұзақ, 3-сынып оқушысы:

- Аудандық жарыстардан 2-3 орын аламын, ал ауылдық жарыстарда бірінші орын аламын. Mенің жасым жетпейді. Сол үшін мен әлі Қазақстан чемпионаттарына бармағанмын. Болашақта мен үстел теннисінен Қазақстан чемпионы боламын деген ойым бар.

Жанұзақ Сыдықов үстел теннисі жасқа қарамайды дейді. Кәрі де, жас та ойнай береді. Әсіресе қимыл-қозғалыссыз кешке дейін тапжылмай бір орында отыратын жұмыс басты азаматтарға өте пайдалы екенін айтады. Одан бөлек көздің көру қабілетін жақсартуға да әсері бар дейді. Сондықтан қолы қалт еткеннің бәрі осында келуге құмар.

Сүйіндік Сейітжаппарұлы, Дарбаза ауылдық округі әкімінің орынбасары:

- Ауылдың балаларын қол теннисіне бейімдеді. Облыстық деңгейді, аудандық деңгейде бірнеше чемпиондарды тәрбиелеп, шәкірт дайындаған кісі. Ауыл жастары келіп үстел теннисімен шұғылданып тұрады. Есігі ашық әрдайым бұл кісінің. Кейде өзімізде келіп тұрамыз. Жалпы бағыты өте дұрыс бұл кісінің. 

Жалпы Түркістан облысында балаларды үстел теннисіне баулитын 27 спорт мектебі бар. Онда 2500 спортшы үстел теннисімен кәсіби түрде айналысады. 107 жаттықтырушы еңбек етеді.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш, Қуаныш Әбуов