Қазақстандық боксшы Венгрия азаматтығын алды. Спорт KZ
Головкин Алматыда жекпе-жек өткізуі мүмкін.
Бұл – бейресми ақпарат. Бірақ бәрімізге белгілі қазақстандық кәсіпқой боксшы өз мансабындағы соңғы кездесуін елімізде өткізіп, әдемі нүкте қойғысы келеді. Көпшілік оны осы жылдың соңына дейін ұйымдастыра ма деп күткен. Енді алдағы наурыз айында болатындығы туралы болжам айтылып жүр. Анығы – жуырда Бүкіләлемдік бокс ұйымы әлемдік рейтингті жаңартты және онда 6-шы тұрған Генадий Головкин тізімнен шығып қалды. Енді қазақстандық боксшының тарапы қалыптасқан жағдайларды түсіндіріп, жақын болашақта нақты жоспарымен бөліседі деген үміттеміз.
Жалпы есепте бірінші орындамыз
Жалпы есепте бірінші орындамыз. Қарағанды қаласында бокстан КСРО-ға еңбек сіңірген жаттықтырушы Ғалым Жарылғаповты еске алуға арналған халықаралық турнир мәресіне жетті. Осымен 39-шы рет ұйымдастырылған байрақты бәсекеге Куба, Марокко, Ресей, Түркия, Ирак және Өзбекстанның өкілдері келді. Бұған қоса өзіміздің қыз-жігіттер де бар. Әйелдер арасындағы сында 5 салмақ болды және Назым Қызайбай, Римма Волосенко, Әнел Сақыш, Валентина Хальзова сияқты ұлттық командамыздың өкілдері бас жүлдені жеңіп алды. Тек 66 келіде қазақстандық Наталья Богданова финалда түркиялық Сурменали Бусеназға есе жіберді. Ал ерлер арасындағы бәсеке, тіптен, тарысқа толы болды. Жеңіл салмақта Теміртас Жүсіпов, орта салмақатарда Оразбек Асылқұлов пен Талғат Сырымбет, ал ауыр салмақта Сағындық Тоғамбай сияқты танымал боксшыларымыз алтынға қол созды. Жалпы 13 салмақ дәрежесінің 8-інде қазақ жігіттері топ жарды. Осының арқасында командалық есепте бірінші орынға жайғасты. Екінші сатыда Куба құрамасы болса, Мароккодан келген жігіттер үздік үштікті түйіндеді.
Боксшымыз азаматтығын ауыстырды
Қазақстандық боксшы Венгрия азаматтығын алды. Қостанайлық Владислава Кухта бұдан былай Мажарстан атынан өнер көрсетеді. Бұл ақпаратты боксшының өзі де, Қазақстан бокс федерациясы да ресми түрде растады. Владислава аталған елдің ішкі біріншілігіне қатысып, чемпион атанып үлгерген. Енді Париж Олимпиадасына жолдамасы сарапқа салынатын турнирге дайындалып жатыр. «Биыл маңызды шешімдер қабылданған жыл болды. Өзімнің де, бапкерімнің де еңбегін жоққа шығарғым келмей, тәуекелге бардым. Енді мен Венгрия атынан сынға түсемін. Қазақстан әрдайым жүрегімде қалады», - дейді Владислава әлеуметтік желідегі парақшасына қалдырған жазбада. Айта кетейік, ол олимпиадалық саналатын 60 келіде өнер көрсетеді. Тіпті Қазақстан чемпионатында 2 рет топ жарды. Ал отандық бокс федерациясының басшылығы оның қыркүйек айында ұлттық құрамадан кеткені туралы ақпарат берді.
Әлем чемпионына ұсыныс түсті
Дәл осындай ұсыныс Бекзад Нұрдәулетовке де түсті. Яғни Венгрия құрамасы қазақстандық боксшыны өз сапында көргісі келеді. Бұл жөнінде Қазақстан бокс федерациясының атқарушы директоры Азиз Қожамбетов мәлімдеді. «Мажарстандағы әріптестер Бекзад Нұрдәулетов пен Дархан Дүйсебайды өз еліне шақырды. Бірақ ресми түрде ұсыныс түскен жоқ. Тек телефон арқылы әңгімелескенде, не халықаралық жарыстарда кездескенде осы мәселені көтеретін. Бірақ Бекзад бұл ұсыныстан бірден бас тартты», - деді Қожамбетов. Айта кетейік, маңғыстаулық боксшы 2019 жылы әлем чемпионы болды. Ал 2020 жылдан бастап кәсіпқой боксқа ауысты. Кейінгісінде 6 кездесу өткізіп, 6-ауында да жеңіске жетті. «Бекзат азаматтығын ауысытырып, Венгрия құрамасына қосылса да Олимпиадаға қатысып үлгермейді. Сол себепті, бұл ұсыныс өзектілігін жоятын сияқты» деп сөзін түйіндеді Азиз Қожамбетов.
Жәнібек пен Мейірім жұдырықтаса ма?
Жәнібек пен Мейірім кездессе, аса тартысты жекпе-жек болады. Отандық спорт порталдары шетелдік журналист Льюис Уотсонның осы пікірін жарыса жариялап жатыр. Ол орта салмақ дәрежесінде ұйымдастыруға болатын 5 ең мықты кездесуді атады. Әсіресе, Қазақстанның қос өкілі, яғни Жәнібек Әлімханұлы мен Мейірім Нұрсұлтановтың айқасына ерекше екпін жасаған. «Бұл кездесуге кедергі көп екені айдан анық. Екі боксшының да ісін жүргізетін Эдис Климас олардың жұдырықтасуын қаламайды. Өйткені мақсатқа жететін басқа да жолдар бар. Жекпе-жектің болу ықтималдығы өте төмен болса да, үздік бестікте болу керек», - дейді Уотсон. Айта кетейік, Жәнібек қазір WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы. Ал Мейірім WBO Global чемпиондық белдігінің иегері. Екеуі де кәсіпқой рингте жеңіліп көрмеген. Бүкіләлемдік бокс ұйымының жаңартылған рейтингінде Жәнібек Әлімханұлы топ бастап тұр. Ал Мейірім Нұрсұлтанов екінші сатыда.
Жастарымыз әлем чемпионы атанды
Әлем чемпионы атандық. Венгрияда шайбалы хоккейден жастар арасындағы дүниежүзілік дода аяқталды. Бірінші дивизион командалары арасында «А» тобына түскен ұлттық құрамамыз Венгрия, Дания, Франция және Жапония командаларын айқын басымдықпен ұтты. Осының арқасында уақытынан бұрын жеңімпаз атанып, элиталы топқа жолдама алып қойған еді. Ал жарыстың соңғы күні Сергей Старыгин баптайтын жігіттер Австрия хоккейшілерімен кездесіп, 6:7 есебімен есе жіберді. Жарыс қорытындысы бойынша, Қазақстан қақпасын қорғаған Владимир Никитин әлем чемпионатының ең үздік қақпашысы әрі ең үздік ойыншысы атанды. Ол осы байрақты бәсекеде 5 кездесуге қатысып, 1,48 сенімділік коэффициентін жинады. Ал қайтарылған соққылардың көрсеткіші 94,4 пайызды құрады. Қалай болғанда да, қазақ жігіттері енді алдағы маусымда элиталы топта өнер көрсетеді. Айта кетейін, бұл деңдейде біз соңғы рет 2020 жылы ойнадық.
Әлем кубогінде жүлде ілікті
Кезекті рет қолаға қол созды. Оңтүстік Корея астанасы Сеул қаласында шорт-тректен әлем кубогы өтті және онда қазақстандық Денис Никиша үшінші орынға тұрақтады. Ұлттық команданың үздігі 500 метрге жүгіруде жүлдеге ілікті. Бұл сында алтын медальді қытайлық Шаоан Лю еншілесе, күміс жүлде кореялық И-Ра Сёға бұйырды. Айта кетейік, бұл Денистің биылғы маусымдағы екінші қола жүлдесі. Бұған дейін ол Канаданың Монреаль қаласында өткен әлемдік аламанда да жеңіс тұғырына көтерілді. Ол кезде командалық эстафетада бағын сынаған болатын. Өкініштісі сол, Денистен басқа жерлестеріміз үздіктер қатарынан табыла алмады. Енді алда әлем кубогының қос кезеңі бар. Оны ақпан айында Германия және Польша елдері қабылайды. Нұрберген Жұмағазиев баптайтын қыз-жігіттер осы аралықта дайындықты тыңғылықты пысықтап, бұдан да биік белестерді бағындыруға тырысады.