Абай облысында бір жарым жылда 10 спорт мектебі ашылды

Биыл аймақтағы шалғай ауылдарда екі дене шынықтыру сауықтыру кешені пайдалануға берілді.

Қазір өңірде бес спорт нысанының құрылысы жүргізіліп жатыр.

Ерсін Сейітқазинов қазақ күресінен Азия чемпионы, биылғы ел біріншілігінің жеңімпазы. Ол бір аптадан бері Семейде ашылған жаңа спорт кешенінде жаттығып жүр. Балуан бұған дейін қалада спорт залы жетіспегенін жасырмайды.

Ерсін Сейітқазинов, қазақ күресінен ҚР чемпионы:

- Осыған дейін осы Семей қаласында мектептің жанындағы залда өткізетінбіз. Енді ол залымыз жақсы, бірақ іші тарлау болатын. Өзімізге жеке салынған спорт кешені жақсы болды. Бұйырса, залымыз үлкен. Іші заманауи жабдықталған.

Азамат Қасым, тілші:

- Аумағы мың шаршы метр болатын бұл кешенде бірнеше жаттығу залы бар. Спортшылар мұнда бір мезетте күреспен де, каратэмен де, асық ату, тоғызқұмалақ секілді ұлттық ойындармен де шұғылдана алады.

Айбек Нұғымаров, қазақ күресінен ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері:

- Спорт кешенінің атауын да, біз енді қазақ ырымшыл болғаннан кейін Әлем деп қойғанбыз. Өйткені, болашақ олимпиаданың, әлем чемпиондары шықсын деп. Өзім де әлем чемпионаттарында күресіп, қанша жеңімпаз болдым ғой. Содан кейін өзіміздің бауырларымыз да осы жерден шықса деген ойдамыз. Енді негізгі мақсат – ұлттық спортты, бұқаралық спортты дамыту. 

Қазақ футболының отаны саналатын Семейде қазір аяқ допшылардың асығы алшысынан түсіп тұр деуге болады. Биыл «Семей» футзал клубы ашылды. Ал бір жыл бұрын ғана құрылған "Елім-ай" футбол клубы бірінші лиганың чемпионы атанды. Мерзімінен бұрын Қазақстанның Премьер лигасына жолдама алды. Команда бірінші лига сапында 28 ойын өткізді. Төрт ойында тең түсіп, қалғанының барлығында жеңіске жетті.

Саясат Сәрсембинов, футбол жанкүйері:

- Биыл, 23 жыл бізге өте күшті болды. Семейге, Абай облысына. Қайтадан облыс құрылды. Одан кейін футбол дами бастады. «Елімайдың» ойыны керемет болды. Біз арманымызға жеттік. Футбол өте көтеріліп жатыр. мына «Елімайдың» балалар ойнайтын орталығында қазір 400-дей бала.

Абай облысы құрылғалы бері өңірде 10 спорт мектебі ашылыпты. Аймақта салауатты өмір салтын насихаттауға арналған нысандардың саны да көбейген.

Ержан Әбілқасымов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы:

- Ауылдарда үлкен спорттық кешендер салынып жатыр. Ақсуат ауданының орталығы Ақсуат ауылында көпсалалы спорттық кешен салынды. Ішінде бассейні, ойын залы, бокс залы бар. Міне жақында ғана Қайнар ауылындағы спорттық кешені де қолданысқа бердік. 

Биылғы жыл өңір спортшылары үшін табысты жыл болды. Облыс дзюдошылары Қазақстан чемпионатында 14 салмақта өнер көрсетіп, 10-ы еліміздің құрама командасына кірді. Грек-рим күресінен Нұрсұлтан Тұрсынов Париж олимпиадасына жолдама алды. Жуырда облыс әкімдігі балуанға құрмет көрсетіп, Семейден пәтер кілтін табыстады.

Азамат Қасым, Берік Жобалайұлы