GGG қолғабын шешті ме?

Құламбаева ширек финалға шықты. Дәл қазір Таиландта ITF сериясындағы теннис турнирі өтіп жатыр.

Онда қазақстандық Жібек Құламбаева жұптық сында жеңіске жетті. Ол грекиялық Сапфо Сакелларидимен бірге индонезиялық және жапониялық спортшыларды ұтты.

Жерлесіміз ертең жартылай финал жолдамасын сарапқа салады. Таиландтағы теннис турнирі 7 қаңтарға дейін жалғасады.

GGG қолғабын шешті ме?

Головкин спорттық мансабын аяқтады. Бұл жөнінде танымал менеджер әрі инсайдер Рик Глейзер мәлімдеді.

Оның айтуынша, қазақстандық боксшы 16 айдан бері шаршы алаңға шыққан жоқ. Соңғы рет мексикалық Сауль Альвареске есе жіберді. Одан кейінгі ұсыныстардың барлығынан бас тартты. Тіпті, чемпиондық белдіктерін де өз еркімен тапсырып тастады.

Головкин алдағы сәуір айында 42 жасқа толады. Сәйкесінше, ресми жария жасамай, тыныш қана «зейнетке» кеткен сияқты – деп сөзін түйді Глейзер.

Десе де, кәсіпқой боксшы ретінде артына өшпес із қалдырғанын атап өтті.

Айта кетейік, Головкин бүгінге дейін 45 жекпе-жек өткізіп, оның 42-сінде жеңіске жетті. Ең соңғы рет 2022 жылы Канеломен жұдырықтасып, жеңіліп қалған болатын. Одан кейін барлық белдігінен бас тартты. Атап айтқанда, орта салмақтағы WBA, IBF және IBO чемпиондық атақтарын жекпе-жексіз бере салды.

Әлімханұлы әлемді шулатады әлі

Ал Жәнібек Әлімханұлы, керісінше, биыл кәсіпқой мансабындағы ең жарқын жекпе-жектерін өткізіп, тарихи жетістіктер тіркегісі келеді.

Sports.kz порталы таратқан ақпаратқа сәйкес, ол осы айда АҚШ-қа аттанып, дайындықты пысқытай бастайды. Ал келесі жекпе-жегі наурыз айының соңында не сәуір айының басында өтеді. Нақты кіммен жұдырықтасары әзірге белгісіз.

Жәнібектің өзі Эрисланди Лара жәнк Джермалл Чарлоға ұсыныс тасталғанын және келіссөздер жүріп жатқанын алға тартады. Бұған қоса, чемпиондық белдіктерімді қорғауым керек. Бұл тұрғыда тағы да бірер үміткер бар деді Жәнібек Әлімханұлы.

Айта кетейік, жерлесіміз бүгінге дейін 15 кездесу өткізіп, 15-інде де жеңіске жетті. Соңғы рет былтыр қазан айында АҚШ-та жұдырықтасып, германиялық Винченцо Гуальтьериден басым түсті. Қазір ол WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы саналады.

Қазақстандық боксшылар рейтингте көтерілді

Бүкіләлемдік бокс қауымдастығы өткен жылды қорытындылап, үздіктер тізімін жариялады. Оған сәйкес, WBA тұжырымының бірінші жартылай орта салмағында Жанқош Тұраров 7-сатыға жайғасты. Ол былтыр желтоқсан айында жапониялық Акихиро Кондоны жеңіп, IBO және WBA Gold чемпиондық белдіктерінің иегері атанған болатын.

Одан кейін дәл осы салмақта Батыр Жүкембаев 14-орыннан 11-орынға көтерілді.

Ал екінші жартылай орта салмақта қазақстандық Сұлтан Заурбек 6-сатыға тұрақтады.

Аталған бокшылар бірер ай бұрын жеңіске жеткен болатын.

Жеңіл салмақта тағы бір жерлестеріміз Евгений Павлов та 6-тұр. Бек Нұрмаганбет 1 саты төмендеп, 10-орынға жайғасты. Ал ауыр салмақтағы Иван Дычко жыл қорытынрдысы бойынша 15-орынын сақтап қалды.

Жолдастық кездесу

Қазақстан құрамасы жолдастық кездесу өткізеді. Бұл жөнінде ұлттық командамыздың бас бапкері Магомед Адиев мәлімдеді.

Оның айтуынша, алдағы ақпан айында Түркияда жаттығу жинынын ұйымдастыру жоспарда бар. Соның аясында жолдастық кездесу де өткізгісі келеді.

Айта кетейік, биыл футбол жанкүйерлері үшін айтулы аладоп аламаны, яғни 4 жыл бойы тағатсыздана күткен Еуропа чемпионаты болады және дәл осы байрақты бәсекеде Қазақстан да өнер көрсетуі әбден мүмкін.

Алғашқы іріктеу сынында жігіттер жақсы ойын көрсетіп, сенсациялық нәтижелер тіркеді. Бірақ, Словенияда өткен соңғы мачта алаң иелеріне есе жіберіп, финалдық кезеңге өте алмадық. Десе де тағы бір мүмкіндік бар. Яғни, ұлттар лигасы аясында бірер ойын өткізіп, Еуропа чемпионатына жолдама алуға болады. Алғашқы матч алдағы наурыз айында Грекияда болады. Қазақстандық жігіттер сырт алаңда жергілікті командамен жолығады. Егер жеңіске жетіп жатса, паралель өтетін Грузия және Люксембург матчының жеңімпазымен жолығып, негізгі жолдаманы сарапқа салады.

Чесноковқа шетелден ұсыныс түсті

Қазақстан құрамасының жартылай қорғаушысы кәсіпқой мансабын Польша чемпионатында жалғастыруы мүмкін. Забже қаласының «Гурник» командасы жерлесімізге қызығушылық танытып отыр.

Бұл жөнінде kazakh_football_inside телеграмм арнасы мәлімдеді.

«Гурник Забже» Польша чемпионатында қазір 7-орында келе жатыр. Transfermarkt порталы клубтың құнын 11 млн еуроға бағалайды.

Аталған команданың 70 жылдан аса тарихы бар. Әсіресе, 1990 жылдарға дейін Польша чемпионатындағы үздік клубтардың бірі болды.

24 жастағы жерлесіміз әзірге нақты тоқтамын айтқан жоқ. Ол бұған дейін «Тобыл» сапында өнер көрсеткен еді. Сонымен қатар, былтыр қыркүйекте ұлттық команда қатарына шақырту алды. Ал. Сан-Мариноға қарсы матчта дубльдің авторы атанды.