Қазақтың мерген қызы халықаралық дәрежедегі төреші атанды
Орталық Азиядан шыққан тұңғыш халықаралық дәрежедегі төреші.
Қазақ қызы садақ ату спортынан осындай асуды бағындырды. Өрімдей қыз өзгелерді таңғалдырып отыр. Кейіпкеріміз бүгінде әлемдік деңгейдегі додаларда төрелік етіп келеді.
Қорған Қонысбайұлы, тілші:
- Садақ ату – әлемде кең тараған спорт түрі. Бұл спортпен 150 мемлекетте айналысады. Ал қазаққа садақ ату жат емес. Бізден құралайды көзге атқан талай мерген шыққан. Бүгінде солардың ізін жалғап жүргендер көп.
Бұл – Айя Айтбай. Қазақтың қаршадай ғана қызы. 20 жасында садақ атудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері және мұқым Орталық Азиядан шыққан алғашқы халықаралық дәрежедегі төреші атанды.
Шеберлігіне таңдай қақтық. Бір атқанда нысанадағы ондыққа дөп тигізді. Операторымыз да таңданысын жасыра алмады.
Айя – бүгінде садақ атудан қалалық құраманың мүшесі. Киберқауіпсіздік бойынша білім алып жатыр. Студент болса да, садағын шегеге ілген емес. Сол еңбекқорлықтың нәтижесі болар, ел чемпионатында, кубогында спортшы ретінде топ жарды.
Айя Айтбай, садақ атудан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, халықаралық дәрежедегі төреші:
- Бұл спорт – жүрегіме өте жақын спорт. Себебі ішкі дүниемнің бір гармониясы туындап, ішім жарқырап, әр күн сайын бір қашықтықта, бір нысанаға дәлдеп, өз ісімді жақсартамын. Осы спортқа күніне 3 сағаттан, жексенбіден басқа аптасына 6 рет сабақтан кейін келіп, осы жерде жаттығу жасаймын.
Мерген қыз «мені залға 15 жасымда атам әкелді» деп жымиды. Атасының арманы орындалды. Айя үздік садақ атушы ғана емес, Орталық Азияда қазақтан шыққан тұңғыш халықаралық дәрежедегі төреші атанды. Бұл атақты мерген қызға Францияда берген. Сосын былтыр Қытайда өткен жазғы Азия ойындарында төрелік етті. Дүбірлі жарыста Үндістан, Жапония, Малайзия, Қытайдан шыққан садақ атушыларға төреші болды.
Азия ойындарынан соң мерген қыз әлем чемпионатында төрелік етті. Енді 2026 жылы Африка құрлығында өтетін жасөспірімдер олимпиадасына жолдама алуды көздеп отыр.
Мария Алимбаева, жаттықтырушы:
- Айя еңбекқор, барлық жаттығуды тыңғылықты орындайды. Бұл оның ең басты ерекшелігі дер едім. Өте мұқият, бәрін жіті өлшейді және күн сайынғы жаттығуы бойынша өзіне есеп беріп отырады. Жарысқа жоспармен шығады. Яғни, өзінің ісіне шынайы берілген қыз.
Осы күні Азияда құрлықтық дәрежеде 107 төреші бар. Соның ішінде ең жасы – Айя. Кейіпкеріміз келешекте Азияда бас төреші болсам дейді. Мақсаты һәм көздегені – сол.
Авторлары: Қорған Қонысбайұлы, Дархан, Мейрам Жүнісов.