WTA: қазақ қыздары рейтингте көтерілді

Тура 10 күннен кейін Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында жасөспірімдер аласындағы қысқы Олимпиада басталады.

Оған 40-тан аса спортшымыз қатысады. Байрақты бәсекенің ашылу салтанатында көк байрағымызды конькимен жүгіруден спорт шебері, Әлем кубогының күміс жүлдегері Кристина Шумекова мен шорт-тректен спорт шеберіне үміткер, «Азия балалары» жарысының күміс жүлдегері Ерасыл Шыңғысхан алып шығатын болды.

Е. Рыбакинаның тарихи жетістігі

Тарихи жетістік. Елена Рыбакинаның соңғы жеңісіне осындай баға беріліп жатыр. Өйткені ол – «Үлкен Дулыға» бәсекесін, бұған қоса WTA 250, 500 және 1000 сериясындағы турнирлерді ұтқан алғашқы қазақстандық спортшы.

Айта кетейік, ол күні кеше Брисбен қаласындағы WTA 500 санатындағы сайысқа қатысып, бас жүлдені жеңіп алды. Елена 5 бірдей кездесу өткізді және бесеуінде де айқын басымдық танытты. Әсіресе финалда байрақты бәсекенің негізгі фавориті саналған Арина Соболенкомен жолығып, 6:0, 6:3 есебімен ұтты. Осы жеңісінің арқасында 220 мың АҚШ доллары көлемінде сыйақы алады.

Айта кетейік, Рыбакина үшін бұл кәсіпқой мансабындағы 6-шы титул саналады. Бұған дейін Индиан-Уэллс және Рим қалаларындағы WTA 1000 бәсекелерінде жеңіске жетті. Сонымен қатар Хобарт және Бухарест қалаларындағы WTA 250 турнирінде жеңімпаз атанды. Ал 2020 жылы «Уимблдон» жарысында топ жарды.

 

Е. Рыбакина рейтингте көтерілді

Дәл осы жеңістен кейін Рыбакина әлемдік рейтингтегі жағдайын да жақсартты. Ол 3-ші орынға көтерілді. Қазір оның еншісінде 6 811 ұпай бар. Топ басында польшалық Ига Швентек болса, Беларусь қызы Арина Соболенко екінші тұр.

Әйелдер теннисі қауымдастығының жаңартылған рейтингінде басқа да қазақстандық теннисшілердің орны өзгерген. Мәселен, Юлия Путинцева 63-ші сатыдан 64-ші сатыға сырғыды. Жұптық сында Қазақстанның бірінші ракеткасы Анна Данилина 10 саты жоғарылап, 44-ші орынға жайғасты.

Айта кетейік, ол күні кеше Жаңа Зеландияның Окленд қаласында болған WTA 250 санатындағы жарыста топ жарды. Бұған қоса Елена Рыбакуина жұптық сын рейтингінде 124-тен 125-ші орынға, ал Жібек Құламбаева 143-тен 144-ші орынға төмендеді.

 

Дэвис кубогы: ұлттық команда жасақталды  

Тура бір айдан кейін ерлер арасындағы командалық әлем чемпионаты Дэвис Кубогы жалғасын табады. Іріктеу кезеңі аясында жерлестеріміз Аргентина командасымен жолығады. Шешуші матчтар сырт алаңда ұйымдастырылады. Осыған байланысты ел намысын қорғайтын спортшылар жасақталды. Оның қатарына әлемнің 31-ші ракеткасы Александр Бублик, сондай-ақ Денис Евсеев, Бейбіт Жұқаев  және Тимофей Скатов кірді. Бұған қоса жұптық сында дүниежүзілік рейтингте 46-ші тұрған Александр Недовесов та өнер көрсетеді.

Айта кетейік, Қазақстан мен Аргентина осыған дейін өзара 2 рет ойнады және жалпы есеп әзірге тең. Яғни, 2011 жылы қазақстандықтар Буэнос-Айресте 0:5 есебімен есе жіберсе, 2017 жылы Астанада 3:2 есебімен жеңіске жетті. Юрий Щукин баптайтын жігіттер енді осы мүмкіндік сәтті пайдаланып, әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдаманы жеңіп алуы керек. Оған толық мүмкіндік те бар. Өйткені Қазақстан әлемдік рейингте 13-ші, Аргентина 19-ші орында тұр.

 

Жаттығу жиындары басталды

Басқа спорт түрлеріннен де жаттығу жиындары басталды. Бәрімізге белгілі, биыл Париж Олимпиадасы болады. Оның алдында қазақстандық қыз-жігіттер лицензиялық турнирлерге қатысып, жолдамалар жеңіп алуы қажет. Осыған байланысты Мырзағали Айтжанов баптайтын боксшылар қазір Алматыға жиналды.

Айта кетейік, әзірге ұлттық құрама қоржынында 1 ғана лицензия бар. Оны өткен Азия ойындарында Аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев жеңіп алды. Қалған 6 салмақта ел намысын қорғайтын жігіттер Қазақстан спартакиадасында іріктелді. Енді олар ақпан айында Италияның Бусто-Арсицио қаласындағы лицензиялық турнирде бағын сынайды. Одан кейін мамыр айында Таиландта тағы сондай бәсеке өтеді.

Ал дзюдо шеберлері дәл қазір Түркістан облысында бас қосты. Жылдың  алғашқы жаттығу жиынына 70-ке жуық спортшы шақырылған. Жапон жекпе-жегінде лицензия рейтингке байланысты беріледі. Ал соған қажетті ұпай гранд-слэм мен гран-прилерде беріледі. Алғашқы ірі жарыс қаңтардың аяғында Португалияда болады. Әлемдік гран-приге қатысатын спортшылар есімі қазірден белгілі. Дәл солай күрес түрлері бойынша да Олимпиадаға дейін 3 рейтингілік жарыс бар. Алғашқысы ертең Хорватияда басталады. Одан кейін сәуірде Бішкекте және маусымда Будапештте ұпайлар таратылады. Қазақстандық палукандар аталмыш байрақты бәсекелерге қызу дайындыққа кірісті.