Ұлттық құрама бокстан лицензиялық турнирге аттанады
Лицензиялық турнирге Данияр емес, Асланбек барады.
Осыдан бірер апта бұрын үлкен пікірталас тудырған мәселенің нүктесі қойылып, ұлттық құрамамыз жаттығу жинына кірісті. Кешенді дайындық Алматы іргесіндегі «Ақбұлақ» базасында өтіп жатыр. Мырзағали Айтжанов баптайтын жігіттер бірер апта шеберлік шыңдап, ақпан айының соңында лицензиялық турнирге аттанады. Байрақты бәсеке Италияның Бусто-Арсицио қаласында болады. Айта кетейік, ұлттық командамыздың қоржынында әзірге 1 ғана жолдама бар. Оны өткен Азия ойындарында аса ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев жеңіп алды. Сәйкесінше, ол Италиядағы жарысқа бармайды. Яғни, тікелей Париж олимпиадасына әзірлік жүргізеді. Қалған 6 салмақтағы жігіттер жолдамаға қол созып көреді. Ел намысын қорғайтын спортшылар бірер ай бұрын Қазақстан спартакиадасында іріктелді. Сол кезде жасақталған тізімге ешқандай өзгеріс енгізілмейді. Әсіресе, орта салмақта команда капитаны Асланбек Шымбергенов шаршы алаңға шығады. Ал, оған бәсекелестік тудырып, күтпеген мәлімдеме жасаған Данияр Елеусінов райынан қайтып, кәсіпқой бокстағы мансабын жалғастыратын болды.
Д. Елеусінов: титулға қол созғым келеді
Жоғарыда сөз болған Данияр Елеусінов чемпиондық белдікке қол созғысы келеді. Бұл жөнінде sportarena.kz порталына берген сұхбатында мәлімдеді. Әңгіме барысында Данияр бұрынғы менеджері Зия Әлиевпен қайта тілтабысқаны туралы айтты. Бұған дейін тараптар арасында дау болып, Данияр біраз уақыт шаршы алаңға шықпаған еді. Тіпті 2 жылда 1 ғана ресми кездесу өткізді. Ол 2021 жылдың желтоқсан айында IBO тұжырымы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы атанды. Бірақ кейін титулды кері қайтаруға мәжбүр болды. Себебі, белдікті қорғайтын кездесулер ұйымдастырылмады. Енді тараптар ұзаққа созылған дауға нүкте қойып, ары қарай бірлескен жұмысты жалғастырады. «Кәсіпқой бокстағы мансабымды жандандырып, 4 титулдың бірін иемденгім келеді. Егер Халықаралық бокс федерациясы қызықты жекепе-жектер мен жоғары сыйақы ұсынып жатса, оны да қарастырамын» деді Данияр. Еске сала кетейік, Данияр 2016 жылы Рио Олимпиадасында топ жарды. Оған дейін әлем чемпионы болды. 2 дүркін Азия ойындарын және 2 дүркін Азия чемпионатын ұтты. 2018 жылдан бастап кәсіпқой боксқа ауысты және бұнда 11 кездесу өткізіп, 11-інде де жеңіске жетті.
Халықаралық турнирге дайындық
Бивол мен Ковалев Қазақстанға келуі мүмкін. Олимпиада чемпионы әрі Вел Баркер Кубогінің иегері Бақтияр Артаев оларды Астанада өтетін халықаралық турнирге шақырды. Айта кетейік, наурыз айында бұнда Бақтияр Артаев жүлдесіне арналған бокс бәсекесі болады. Жасөспірімдер арасындағы турнир ресми жарыстар күнтізбесіне енді. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен және Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан сияқты көрші мемлекеттерден 300-ге жуық қатысушы жиналады деп күтіліп отыр. Дүбірлі дода 2 жас деңгейі бойынша болады. Яғни, бас-аяғы 14 салмақта медалдар жиынтығы сарапқа салынады. Жүлдеге іліккен өрендерге қаржылай сыйақы табысталмақ. Ал шақырту алған құрметті қонақтар арасында жоғарыда аты аталған Дмитрий Бивол мен Сергей Коволевтан бөлек Баходир Джалолов, Хасонбой Дусматов, Олег Саитов, Ермахан Ибраимов, Серік Сапиев, Жәнібека Әлімханұлы және Мейірім Нұрсұлтанов сиқяты әуесқой және кәсіпқой бокстынң жарқын жұлдыздары бар. Еске сала кетейік, Бақтияр осыдан тура 20 жыл бұрын, яғни Афинада өткен жазғы ойындарда топ жарды. Оның алдында әлем чемпионаттары мен азия біріншіліктерінде бірнеше рет жеңіс тұғырына көтеріліп, ел абыройын асқақтатты.
Ж. Әлімханұлы жоспарымен бөлісті
Чемпион чемпионмен жұдырықтысуы қажет. Қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы кубалық Эрисланди Лараның шешіміне қатысты осындай пікір білдірді. Айта кетейік, Лара наурыз айында австралиялық Майкл Зерафамен қолғап түйістіретін болды. Бұл жаңалық жерлесімізге ұнай қойған жоқ. Өйткені ол бұған дейін бірнеше рет кубалық боксшыны кездесуге шақырған еді. Қалай болғанда да Жәнібек дайындығын үзбеді. Қазір толық батында және орта салмақтағы барлық титулды біріктіруді көздейді. «Кәсіпқой рингті сағындым. Жақында Америкаға аттанамыз» деген жазба қалдырды ол әлеуметтік желідегі парақшасына. Еске кетейік, Жәнібек Әлімханұлы бүгінге дейін 15 кездесу өткізіп, 15-інде де жеңіске жетті. Соңғы рет былтыр қазан айында АҚШ-та жұдырықтасып, германиялық Винченцо Гуальтьериден басым түсті. Қазір ол WBO және IBF тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы саналады.