Алматылық спортшы Сеулде таеквондодан 7-ші «дан» сынағын тапсырды
Алматылық Руслан Рысмамбетов Сеулде таеквондодан 7-ші «дан» сынағын тапсырды, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл – Қазақстандағы осы жекпе-жек өнерін меңгерудің ең жоғарғы дәрежесі. Бір ерекшелігі, бұл сынақты тек Оңтүстік Кореяда жоғары деңгейдегі сенсейдің алдында ғана тапсыруға болады. ТМД елдерінде бұл жетістікке тек 5 таеквондошы қол жеткізген. Осы бағытта 40 жылға жуық еңбек етіп келе жатқан Руслан енді 9-шы «дан» сынағын тапсыруға ниетті.
53 жастағы алматылық Руслан Рысмамбетов 30 жылдан астам Қазақстан мен Оңтүстік Кореяда жекпе-жектен сабақ беріп келеді. Таеквондоның оңтүстік және солтүстік кореялық нұсқаларына маманданған ол осы уақыт аралығында 100-ден астам спортшы дайындады. Жекпе-жек өнеріне бала кезден ден қойған спортшы «бұл жетістік табандылықпен келді» дейді.
Руслан Рысмамбетов, жекпе-жек өнерінің бапкері:
- Таеквондо 3 сөзден тұрады. Тэ – аяқ, квон – жұдырық, до – жол. Бұл аяқтың, жұдырықтың жолы деп айтады. Бірақ бұл – адамның жетілу процесі. Жекпе-жек өнері өзіңізді дамытуға көмектеседі. Яғни, ол ең алдымен ұстамдылыққа, мақсатқа жетудегі табандылыққа тәрбиелейді.
Студент кезінде Руслан корей мәдениетіне қызыға бастайды. 2 жылда тілді меңгереді. Бұл оған шеберлігін таеквондоның отаны – Оңтүстік Кореяда жетілдіруге мүмкіндік берді. Елге оралған соң Руслан бапкерлікті қолға алады.
Руслан Рысмамбетов, жекпе-жек өнерінің бапкері:
- Мен таеквондомен айналысып жүргендіктен, мені Ұлттық қауіпсіздік органдары байқап, шақырды. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы бөлімшелерінде қызмет еттім. Жауынгер болумен қатар қоян-қолтық ұрыс бойынша нұсқаушы да болдым. Әріптестеріме жекпе-жек өнерінің кейбір тұстарын үйреттім.
Руслан өткен жылдың қазан айында Сеулдегі таеквондо федерациясының бас кеңсесінде 7-ші «дан» сынағын тапсырды. 3 кезеңнен тұратын сынақта қазақстандық таеквондо шеберінің біліктілігі жоғары бағаланды. Ол пара спортшыларға да ақыл-кеңесін аяған емес.
Кәмиля Ақылбайқызы, Азия Пара ойындарының күміс жүлдегері:
- Өзінің тәжірибесімен бөлісіп, жалпы жеңіске жету үшін психологиялық тұрғыдан, жалпы жаттығу жағынан өзінің тәжірибесімен бөлісіп, бізге үйретіп жатыр. Бұл кісі енді қазіргі таңда 7-ші «данға» жеткен бірден-бір біздің үлкен ұстаздарымыздың бірі болғандықтан, өзінің бөлісетін дүниесі көп деп ойлаймын.
Русланның ендігі межесі – 9-шы «дан» дәрежесін бағындыру. «Жастарды тәрбиелеу де – басты бағытым», - дейді ол.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Ғафу Уәли, Сержан Жұмабаев.