Қазақ шабандоздары әлемдік бәйгелерге қатыса ала ма?
Бәйге десе, делебесі қозатын елміз, алайда оған қаншалықты көңіл бөліп, дамуына үлес қосып жатырмыз?
Ат жалын тартып мінген әр қазақ баласы – шабандоз. Ендігі кезек – әлемді мойындату.
Ақылбек Ишанов – кішкентайынан жабағы тақымдап, тай үйретіп өскен атбегі. Бұл күнде ат спорты үйірмесінде 30 шақты шабандозды жаттықтырып жүр. Алды республикалық бәйгелерде олжа салып, жеңіс тұғырынан көрінген. Қазір 3 шабандозы – бәйгеден спорт шеберіне үміткер. Кейіпкеріміздің айтуынша, үйірмеге балалар өздері қызығып келеді. Алда ұлттық бәйге түрлерінен бөлек, ұшқыр бәйге шабандоздарын да дайындасам деген ойы бар.
Ақылбек Ишанов, БҚО ұлттық спорт мектебі, бәйге бөлімі жаттықтырушысы:
- Енді біздің ойымыз бәйге бөлімі ашылды. Бізде дәстүрлі аламан бәйге, құнан бәйге бар ғой, енді классикалық болғандықтан ұшқыр бәйге ашылса дейміз. Облыс басшысының тапсырмасы берілді, ипподромға жер қарастырылып жатыр. Ұшқыр бәйге ашсақ дейміз. Жасы толған, салмағы толған шабандоздарымызды «жокей» дейміз ғой, ұшқыр бәйгеге шабатын балалар дайындасақ дейміз.
Әлемдік классикалық бәйгелерге тек құжаты бар, тұқымы расталған аттар ғана қатыса алады. Ол үшін алдымен қазақ атының асыл тұқымды екенін дәлелдей алуымыз қажет. Сондықтан спорт пен селекцияны бірге дамыту қажет, - дейді Жокей клубының төрағасы Мақсат Ахаев.
Мақсат Ахаев, Қазақстан Жокей клубының төрағасы:
- Біздің елімізде 3,5 миллионнан аса жылқы бар. Бірақ оның 800-900-і ғана таза қанды жылқылардың кітабында тіркелген. Көбі тіркелмеген. Ал шетелде азғантай ғана саны болғанымен, сапасы өте жоғары. Ол бізде нені айтады? Біздің елімізде жылқының саны көп болғанымен, экспорттық потенциалы жоқ деген сөз.
Ұлттық бәйге түрлерінде 15 жастан кейін шабандоз зейнетке шығады. Ал оларды жокей шабандозы ретінде дайындау үшін арнайы мектеп пен ипподром қажет. Соның салдарынан жокей шабандоздар шетелге асығады.
Мақсат Ахаев, Қазақстан Жокей клубының төрағасы:
- Шабандоздар салмағы өсіп кеткеннен кейін ешқандай бәйгеге жарамай қалады. Ол әлі дайын тренер де емес, карьерасы біткеннен кейін не кәсіби жокей бола алмайды. Сондай әйтеуір бір қара жұмыс тауып кетіп қалады көбі. Ал енді әлдебіреулері нағыз атқұмар, оның өзінде жағдайы бар спонсор табылып жатса, шетелге кетіп жатыр.
Өткенде ғана қазақ қазанаты Дубайды дүбірлетіп, әлемдік бәйгеде алдына қара салмай келді. Ал Бауыржан Мырзабаев атты атақты шабандозымыз Франция елінде топ жарып жүр. Осыған қарағанда сырттан спортшы тартуға құмар қазақтың әзірге өз атын жаратып, өз шабандозын дайындайтын түрі көрінбейді.
Авторы: Зарина Кәп.