Құлсары қаласы абаттандырылып жатыр
Бірнеше саябақ салынып, ағаш егіледі. Тұрғындардың демалысына арналған өзге де нысандардың құрылысы жүріп жатыр.
30 тұрғын үйдің ауласы жаңғыртылып жатыр. Жылыойлық барлаушылар мен бұрғылаушылардың құрметіне жаңадан саябақ салынып жатыр. «Заманауи демалыс орны қаланың көркін ашады», - дейді жауаптылар. Қазір құрылыстың 90 пайызы аяқталды. Енді жарықшамдар орнатылып, көшеттер егіледі.
Нұрлыбек Құрманбаев, құрылыс компаниясының басшысы:
- Осы Жылыой ауданындағы, Атырау облысындағы барлау-бұрғылау ардагерлерінің құрметіне солардың аттары, еңбектеріне арналған саябақ. Мына жерде карталар бар, мына жерде барлық ардагерлердің аттары жазылып тұр. 160-қа жуық тал отырығызылды. Қазіргі таңда суару жүйесі орнатылып, соны жүйеге қосып жатырмыз.
Құлсары халқы 64 мыңнан асады. Тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында екі саябақ, арбат пен аллеяның құрылысы жүріп жатыр. Сондай-ақ Құрсай каналының жағалауына 600-ге жуық қарағай егіледі.
Серікқали Ержанов, қала тұрғыны:
- Жұмыс жүріп, жақсы өзгерістер келіп, соған қуанып жатырмыз. Жақсы. Әлде де біздің қаламыз гүлденуге тиісті. Көшеміз тап-таза болып, екі жағымда екі немере-шөберемізді жетектеп жүрсек, біз соған риза боламыз.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Қазір Құлсары қаласында көпқабатты 30 тұрғын үйдің ауласын абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған 3,5 млрд теңгедей қаржы бөлінген. Бұдан бөлек, арбат, аллея, саябақтар салынып жатыр. Сонымен қатар жалпы көлемі 64 мың шаршы метр болатын жаяу жүргіншілер жолы мен веложолдар төселіп жатыр.
Аудан орталығындағы бос жатқан аумақтар да абаттандырылып жатыр. 11 жер учаскесіне спорт және балалар ойын алаңын салу үшін жобалық-сметалық құжат әзірленді. Оған 1 млрд 750 млн теңге қаржы бөлінді.
Қадыржан Адинов, қала әкімі:
- Құлсары қаласының 280 көшесіне жалпы ұзындығы 130 шақырымды құрайтын көше жарықшамдарын жүргізу жұмыстары басталды. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін толықтай аяқталады деп күтіліп отыр. Қалада жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында 2025 жылы құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. Жұмыстар аяқталған соң Құлсары қаласын асфальттандыру, жарықтандыру, барлығы 100 пайыз көрсеткішке жетеміз деп жоспарлап отырмыз.
Қалада жаңадан орталық алаң пайда болады. Қазір құжаттары тиісті сараптамадан өтті. Жоба 1,5 млрд теңгеге бағаланған.
Асланбек Шығыр, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин, 24kz, Атырау облысы.