Қостанайда конькимен жүгіруден ел біріншілігі өтті
Қостанайда жасөспірімдер арасында конькимен жүгіруден ел біріншілігі өз мәресіне жетті, деп хабарлайды 24KZ.
Дүбірлі додаға 8 облыстан және Астана мен Алматыдан 200-ге жуық спортшы қатысты. Олар жас ерекшелігіне қарай 4 топқа бөлініп, 5 қашықтықта сынға түсті. Арасында халықаралық жарыста танылғандар бар. Мысалы, Михаил Матрюхин – Оңтүстік Кореяда өткен Олимпиада ойындарына қатысушы. Ал Варвара Глухова – «Азия балалары» халықаралық жарысының чемпионы. Бұл жолы да олар өз топтарында жеңімпаз атанды. Варвара Глухова 500 метр қашықтықты 43,25 секундта жүгіріп өтіп, мұз айдынының рекордын жаңартты.
Инна Филиппова, конькимен жүгіруден Қостанай облысының аға бапкері:
- Бұл жарысты іріктеу турнирі десе болады. Алғашқы үштікке кірген жүлдегелер еліміздің жастар және жасөспірімдер құрамасына қабылданады. Ал нормативті орындағандарға спорт шеберлігіне үміткер және спорт шебері атағы беріледі.