Теңге ілуден Азия кубогы өтеді

Футболдан ұлттар лигасының алдағы маусымға арналған жеребе тарту рәсімі өтті.

Нәтижесінде Қазақстан құрамасы «В» лигасының үшінші тобына түсті.

Бұл топта Норвегия, Австрия және Словенияның азулы командалары бар. Жерлестеріміз бұған дейін сәтті өнер көрсетіп, сенсациялық жетістіктер тіркегенін білеміз. Ал биыл ұлттық құраманың әлеуеті қандай және дәл осы лига нендей мүмкіндіктер ашады?

Ұлттар лигасындағы қарсыластарымыз белгілі

Холланд Қазақстанға келеді. Күні кеше Парижде ұлттар лигасының жаңа маусымы алдында жеребе тарту рәсімі өтті. Айта кету керек, Қазақстан биыл алғаш рет «В» дивизионында өнер көрсетеді. Бұған дейін «С» дивизионында болдық және сенсациялық жеңістерге жеттік. Соның арқасында бір саты жоғары көтерілдік. Сонымен жеребе тарту нәтижесінде Қазақстан биыл Норвегия, Австрия және Словениямен кездесетін болды. Матчтар алдағы күзде, нақтырақ айтқанда, 5 қазанда басталады. Ұлттық құрама өз алаңындағы ойындарды Алматы қаласында қабылдауы мүмкін. Өйткені Астана Арена стадионы жөндеу жұмыстарына жабылды. Қалай болғанда да Магомед Адиев баптайтын жігіттер алдағы ойындарға тыңғылықты дайындалып, жеңіс жолын жалғастыруға тырысады.

Еске сала кетейік, өткен маусымда ұлттық командамыз «С» лигасында ойнап, өз тобында бірінші орын алды. Отандық футболшылар Әзербайжан, Словакия және Беларусь сияқты құрамаларды ұтты. Ұлттар лигасының ережесін сәйкес Қазақстан биыл да өз тобында бірінші орын алса, «А» тобына жолдама алады. Егер соңғы орында қалса, қайтадан «С» тобына төмендейді. Ал орташа нәтиже «В» тобында қалуға мүмкіндік береді.

 

Конькимен жүгіруде тарихи жетістікке жеттік

Тарихи жетістік. Қазақстандық конькимен жүгіру шеберлері әлем кубогтарынан олжалы оралып, тіпті бұрын-соңды болмаған нәтижені тіркеді. Аталмыш спорт түрі бойынша байрақты бәсеке Канада және Жапония елдерінде өтті. Ересектер арасындағы дүниежүзілік доданы Канаданың Квебек қаласы қабылдады. Ұлттық құрама спортшылары командалық спринтте үздік үштікке ілігіп, ел тарихында алғаш рет жүлдегер атанды. Бұл бәсекеге тәжірибелі Екатерина Айдова жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатының жүлдегері Алина Дауранова және жасөспірімдер арасындағы әлем кубогының чемпионы Инесса Шумекова қатысқан болатын. Нәтижесінде қазақстандық қыздар қолаға қол созды. Алтын медаль Нидерланды, күміс медаль Польша құрамасына бұйырды. Бұған қоса Жапонияның Хатинохе қаласында жасөспірімдер мен нео-сеньорлар арасындағы әлемдік аламан өтті. Бұл жарыста да жерлестеріміз сәтті өнер көрсетіп, бірінші күні 6 медаль еншіледі. Жеңіс тұғырына көтерілгендер арасынан Маргарита Артемьева, Мария Кузнецова және Алена Лифатова жетістіктерін ерекше атап өтуге болады.

 

Кезекті әлемдік аламанға дайындық

Елдос Парижде кеткен есені Ташкентте қайтаруға тырысады. Бірер аптадан кейін дзюдодан әлемдік Grands Slam бәсекесі жалғасады. Бұл жолы оны Өзбекстан астанасы Ташкент қабылайтын болды. Байрақты бәсеке наурыздың 1-і мен 3-і аралығында өтеді деп жоспарланып отыр. Осыған сәйкес ел намысын қорғайтын спортшылардың тізімі жарияланды. Оның ішінде ұлттық құрама үздігі Елдос Сметов та бар.

Айта кетейік, ол ұзақ үзілістен кейін жуырда ғана татамиге оралды. Бірер күн бұрын Париждегі Grands Slam-ге қатысып, іріктеу кезеңінде жеңілген болатын. Елдостан бөлек, 60 келіде тағы бір жамбылдық Нұрқанат Серікбаев бағын сынайды. Бұған қоса тізімге Ғұсман Қырғызбаев, Есет Қуанов, Данияр Шамшаев, Асқар Нарқұлов, Абылайхан Жұбаназар және Руслан Мұсаев сияқты жерлестеріміз енгізілген. 100 келіде Парижде қола жүлдеге қол созған Нұрлыхан Щарқан қатысады. Ал аса ауыр салмақта Ғалымжан Қырықбай мен Ерасыл Қажыбаев татамиге шығады. Ташкенттегі жарыс жеңімпаздарына рейтингілік ұпай беріледі және ол алдағы Олимпиаданың жолдамалары сарапқа салынғанда негізгі рөлді атқарады.

 

Г. Головкин кәсіпқой рингке орала ма?

Головкин кәсіпқой ринге оралмайды. Қазақстандық боксшының бұрынғы бапкері Абель Санчес осындай пікір білдірді. World Boxing News порталына берген сұхбатында Головкиннің шаршы алаңғы шығуы екіталай екенін алға тартады. Бұған қоса оған лайықты құрмет көрсетіліп, үлкен бокстан шығарып тасталмағынын да сынға алды. Бұл тұрғыда қазіргі командасының салғырттығын алға тартты. «Головкин – әлемдік бокста өзіндік ізін қалдырған даңқты спортшы. Сондықтан тиісті деңгейде шығарып тастауымыз керек еді. Тіпті ол чемпиондық белдіктерінен бас тартқанда да, арнайы баспасөз мәслихаты ұйымдастырылмады» - дейді Абель Санчес.

Айта кетейік, Головкин алдағы сәуір айында 42 жасқа толады. Ол бүгінге дейін 45 жекпе-жек өткізіп, оның 42-сінде жеңіске жетті. Ең соңғы рет 2022 жылы Канеломен жұдырықтасып, жеңіліп қалған болатын. Одан кейін барлық белдігінен бас тартты. Атап айтқанда, орта салмақтағы WBA, IBF және IBO чемпиондық атақтарын жекпе-жексіз бере салды.

 

Теңге ілуден Азия кубогы өтеді

Ұлттық спорттарымыз да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Осы жылдың сәуір айында Шымкентте теңге ілуден екінші Азия кубогы сарапқа салынады. Бұл туралы бүгін Теңге ілу федерациясының республикалық жиынында айтылды. Ұлттық спорт жанашырлары өткен жылдың қорытындысын жасап, жарыстарда кеткен кемшіліктерді түзеп, биылғы ережені бекітті. Оның сыртында осы жылы елімізде өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына әзірлік жайын қозғады. Ат құлағында ойнайтын оғландар 4 рет жаттығу жиынын өткізіп, 2 рет халықаралық жарыста бақ сынайды. Жеңіске жетіп, үздік атанғандары көшпенділер ойынында ел намысын қорғайды.