Спортшылар Сурдлимпиада ойындарына аттанды

Алматыда есту қабілеті зақымданған спортшыларды ХХ қысқы Сурдлимпиада ойындарына шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды 24KZ.

Бұл ойындар наурыздың 2-сі мен 12-сі аралығында Түркияның Эрзурум қаласында өтеді. Жарысқа 36 мемлекеттен мыңға жуық спортшы қатысады. Байрақты бәсекеде ел намысын шахмат, сноуборд пен шаңғы жарысынан 23 атлет қорғайды, оның 14-і – шахматшы.

Бұл спортшылар осыған дейін Италиядағы ойындарда командалық есеп бойынша бірінші орынды жеңіп алған. Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбрайымов спортшыларға жеңіс тілеп, Мемлекеттік туды команда капитаны Сұлтан Қожахметовке табыстады. Халықаралық жарыстың жүлде қоры қомақты. Алтын алқаны жеңіп алған спортшы мен бапкеріне 250 мың, күміс медаль үшін 150, ал қола медаль үшін 75 мың доллар сыйақы беріледі.

Елдос Күзербаев, шахматтан аға жаттықтырушы:

- Жақсы дайындықпен келдік. Спортшылардың көңіл күйі жақсы. Біз ел намысын қорғауға, туымызды биік көтеруге дайынбыз.