Қазақстанда спорттың жаңа түрі пайда болды

Арм Бэк. Дәл осындай атаумен елімізде жаңа спорт түрі пайда болды.

Ерекшелігі сол оны отандық мамандар ойлап тапты. Арм Бэк бұл арнайы құрылғының атауы. Ағылшын тілінен аударғанда қолмен тарту деген мағынаны білдіреді. Сәйкесінше, мүмкіндігі шектеулі балалардың қозғалысын арттырып, қарым-қабілетін жетілдіруге арналған. Аталмыш бағыт бойынша ең алғашқы ресми жарыс 29-шы ақпан күні Астанадағы жекпе-жек сарайында өтеді. Оған 8 өңірдің өкілдері қатыспақ. Кейін оны тұрақты ұйымдастырып, ауқымы мен форматын ұлғайту да жоспарда бар. Тіпті, сау және ерекше балалардың арасында да өткізуге болады. Жоба авторларының негізгі мақсаты да осы. Яғни, өскелең толқынды бөліп-жармай, барлық балаға ортақ жарыс алаңын ұсынып, теңдей мүмкіндік беру.

Бір күнде сегіз алтын жеңіп алдық. Филиппин елінің Нью-Кларк-Сити қаласында су спорты түрлерінен Азия чемпионаты жалғасып жатыр. Жарыстың кезекті күні ұлттық құрама өкілдері 10 медаль еншіледі. Оның 8-і алтын. Бұл жөнінде спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі хабарлайды. Атап айтқанда, ерлер арасында Әділбек Мусин алтын жүлдеге қол созды. Ол 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуге қатысқан болатын. Артынша, оның жеңіс жолын әйелдер арасында  Аделаида Пчелинцева мен Софья Сподаренко жалғады. Айта кету керек, Аделаида 50 метрге брасс әдісімен жүзуде Азия рекордын жаңартты. Ал Диана Тасжанова 1500 метрге еркін әдіспен жүзуде күміс жүлдегер атанды. Бұған қоса, тұғырдан секіру  бағыты бойынша қазақстандық Диана Жұмағұлова мен Анабелла Кочкина жұбы өте жақсы өнер көрсетіп, жалпы есепте бірінші орынға жайғасты.

Әділбек Мусин, Азия чемпионатының жеңімпазы:

- Жоғарыда айтып өткен жетістіктер «А» тобында тіркелді. Бұған қоса, «В» тобында да жерлестеріміз бақ сынап жатыр. Әсіресе, Арсен Қожахметов, Максим Сказобцов, София Абубакирова және Даниил Черепанов сияқты қыз-жігіттер жеңіс тұғырына көтерілді. Екі жарыс күнінің қорытыдысы бойынша ұлттық құрама қоржынына 21 медаль түсті. Нью-Кларк-Сити қаласындағы құрлықтық дода 9-шы наурызға дейін жалғасады.

Спортшылар Сурдлимпиадаға барады 

Алматыда есту қабілеті зақымданған спортшыларды XX қысқы Сурдлимпиада ойындарына шығарып салу рәсімі өтті. Бұл ойындар наурыздың 2-сі мен 12-сі аралығында  Түркияның Эрзурум қаласында болады. Айтулы әлемдік аламанға 36 мемлекеттен мыңға жуық спортшы қатысады. Байрақты бәсекеде ел намысын 23 атлет қорғамақ. Олар шахмат, сноуборд және шаңғы жарысы бойынша сынға түседі. Құрама сапындағы 14 адам - шахматшылар. Олар бұған дейін Италияда болған ойындарда командалық есепте бірініш орынды жеңіп алды. Олимпиада чемпионы Ермахан Ыбрайымов спортшыларға жеңіс тілеп, мемлекеттік туды команда капитаны Сұлтан Қожахметовке табыстады. Халықаралық жарыстың жүлде қоры да қомақты. Алтын  алқаны жеңіп алған спортшы мен бапкері - 250 мың, күміс медаль үшін - 150, ал қола медаль үшін 75 мың доллар  сыйақы алады.

Головкин шаршы алаңға оралуы мүмкін

Ол басшылық қызметті де, спорттық мансапты да қатар алып жүре алады. Бұл жөнінде көпшілікке танымал ардагер боксшы, олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Виктор Демьяненко Вести кз порталына берген сұхбатында мәлімдеді. Еске сала кетейік, Генадий Головкин бірер күн бұрын жаңа қызметке, нақтырақ айтқанда, Ұлттық олимпиада комитетінің басшылығына тағайындалды. «Десе де, ол кәсіпқой рингке оралмайды дегенді білдімейді» - дейді Демьяненко. Головкин әлі де әлемдік рейтингтің алдыңғы қатарында тұрған жігіттермен жұдырықтаса алады. Немесе Тайсон мен Джонстар сияқты көрсетілімдік кездесу өткізуге мүмкіндігі бар. Бұл жерде бәрі ұсыныстың деңгейі мен сыйақының көлеміне байланысты. Головкин қос бағытты қатар алып жүре береді. Ол үшін дәл қазір ең басты мақсат алдағы олимпиаданы абыроймен өткізіп, ел сенімін ақтау» деп сөзін түйді ардагер боксшы. Айта кетейік, Головкин алдағы сәуір айында 42 жасқа толады. Ол бүгінге дейін 45 жекпе-жек өткізіп, оның 42-сінде жеңіске жетті. Ең соңғы рет 2022 жылы Канеломен жұдырықтасып, жеңіліп қалған болатын. Одан кейін барлық белдігінен бас тартты. Яғни орта салмақтағы WBA, IBF және IBO чемпиондық атақтарын жекпе-жексіз бере салды.

Бокстан лицензиялық турнирге дайындық

Қазақстан әлемдегі бокс державаларының бірі. Бұндай мәлімдемені Азия бокс конфедерациясы жасады. Аталмыш ұйымның баспасөз қызметі лицензиялық турнирдің алдында арнайы жазба жариялады. Ол жерде Атланта Олимпиадасынан бергі жетістіктерімізді тізбелеп, қазіргі ұлттық құрамамызға тоқталады. «Қазақстан сапында 5 бірдей әлем чемпионы бар. Бұдан бөлек Азия жеңімпаздары мен Олимпиада жүлдегерлерін қосыңыз. Олар Бусто-Арсицио қаласындағы жарысқа тыңғылықты дайындалды. Бас-аяғы 11 боксшысы Олимпиада жолдамасына қол созуға тырысады» делінген хабарламада. Бұл үзінді ғана. Толық нұсқасын вести кз порталы хабарлады. Айта кетейік, Мырзағали Айтжанов баптайтын ерлер құрамасы Түркістан облысында жаттығуды пысықтады. Бүгін Италияға аттанады. Ал Шәміл Самфиуллин жаттықтыратын қыздар құрамасы кәрі құрлыққа бір апта бұрын жетті және сол жақта басқа елдің командаларымен бірлескен дайындық жүргізіп жатыр. Айта кетейік, Ұлттық командамыздың қоржынында қазір 2 ғана жолдама бар. Оны өткен Азия ойындарында Қамшыбек Қоңқабаев пен Карина Ибрагимова жеңіп алды.