Жайна Шекербекова жеңіліп қалды
Сенсациялық жеңіліс.
Жайна Шекербекованың нәтижесіне бокс мамандары осындай баға беріп жатыр. Қазақ қызы күні кеше Италияда өтіп жатқан лицензиялық турнирде шаршы алаңға шығып, күтпеген жерден нигериялық спортшыға есе жіберді. Айта кетейік, Жайна 3 дүркін әлем чемпионатының жүлдегері және 54 келіге дейінгілер арасында ел үздігі. Бірақ, осынша тәжірибесі Бусто-Арсицио қаласында көмектеспеді. Ол 18 жастағы Шукура Каримге есе жіберді. Шукура ересектер арасындағы олимпиадалық іріктеуге алғаш қатысып отыр. Соған қарамастан тегеурінді қарсылық танытты. Жекпе-жектің өзі 3 раундқа созылды және төрешілер шешімімен кейінгісі жеңімпаз атанды. Нәтижесінде, дәл осы салмақ дәрежесінде лицензиясыз қалдық. Бірақ, мамыр айында тағы бір мүмкіндік бар. Тайланд астанасы Банкок қаласында соңғы жолдамалар сарапқа салынады. Ал, енді оған Жайна қатыса ма, жоқ па, әзірге белгісіз. Ел намысын қорғайтын боксшының есімі алдағы күндері ресми айтылады.
Римма Волосенконың жекпе-жегі, тіптен, дауға айналды. Ол Италиядағы лицензиялық турнирде 60 келіге дейнігілер арасында бақ сынаған еді. Қазақстандық қыз бұған дейін 3 қарсыласын айқын басымдықпен ұтып, ширек финалға дейін жетті. Яғни олимпиада жолдамасына бір ғана қадам қалған болатын. Ақтық сында да жақсы жұдырықтасып шықты. Бірақ, төрешілер шешімімен словакиялық Мирослава Жединакова жеңімпаз деп танылды. Кездесу қорытындысы 3:2. Бұл нәтиже қазақстандық бокс жанкүйерлерінің де, бокс мамандарының да көңілін көншітпеді. Осы спортқа жауапты отандық федерация өкілдері кездесуден кейін бірден наразылық білдірді. Ұйымдастырушы тарап өз кезегінде төрешілердің жұмысын қатаң қадағалауға уәде берді. Бірақ, өкініштісі, жекпе-жек нәтижесі өзгеріссіз қалады.
ЦИТАТА: Азиз Қожамбетов, Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті:
«Лицензиялық бәсекелер Халықаралық Олимпиада комитетінің аясында өтеді. Оның ережесіне сәйкес, ұлттық федерациялар жекпе-жек қорытындысы бойынша төрешілер шешіміне шағым бере алмайды. Тек төрешілердің жұмысына баға беретін бақылаушы мен бағалаушы болады. Қазақстан бокс федерациясы тарапынан осы жекпе-жекке байланысты турнир ұйымдастырушыларына наразылығымызды жеткіздік. Олар кездесуге қазылық еткен төрешілердің жұмысын қарастырып, кінәрат болған жағдайда алдағы жекпе-жектерден шеттететіндіктерін айтты».
Асланбек пен Айбек жолдамаға біртабан жақындай түсті. Италиядағы лицензиялық турнирдің кезекті күні ерлер арасындағы бәсекелер де болды. Әсіресе, орта және ауыр салмақтағы жекпе-жектер тарысты өтті. Мәселен, 71 келіге дейінгілер арасында ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов шаршы алаңға шыққан болатын. Ол польшалық Дамиан Дуркачпен жолығып, айқын басымдық танытты. Жекпе-жек 3 раундқа созылды. Айта кетейік, Асланбек осының алдында финляндиялық Сэм Мороватиді нокаутпен ұтқан болатын. Артынша жарыс алаңына тағы бір қазақстандық Айбек Оралбай көтерілді. 92 келіге дейінгілер арасындағы боксшымыз екінші айналымда Оңтүстік Кореялық Ханеул Жангді жеңді. Осылайша қос спортшымыз да келесі кезеңде өтті. Асланбек пен Айбек Париж олимпиадасының жоламасын алу үшін дәл осылай тағы 2 қарсыласын ұтуы қажет. Яғни, жартылай финалға дейін жетуі керек. Айта кетейік, қазір қоржымызда жазғы ойындардың 2 лицензиясы ғана бар. Оны былтырғы Азия ойындарында Қамшыбек Қоңқабаев пен Карина Ибрагимова жеңіп алды. Ал, дәл мына Бусто-Арсицио қаласындағы турнир 11-ші наурызға дейін жалғасады.
Жоғарыда 3 боксшымыз есе жіберіп, жарыс жолынан шығып қалғаны айтылды. Міне, сол үшіншісі ерлер арасында 63 келдегі Мұхаммедсабыр Базарбайұлы. Ол іріктеу кезеңінде Еуропа чемпионы Радослав Росеновтан жеңлді. Бұл жолы да жерлесіміз лайықты жұдырықтасқан. Бірақ төрешілер жеңісті Болгария өкіліне берді. Осылайша Италияға аттанған 11 боксшымыздың 8-і бәсекені жалғастырады. Оның 4-еуі бүгін шаршы алаңға шығады. атап айтқанда қыздар арасында Наталья Богданова мен Алуа Балқыбекова, ерлер арасында Махмұд Сабырхан мен Нұрбек Оралбай кезекті кзедесулерін өткізеді.