Қызылордада Ұлттық спорт күні кеңінен аталып өтіп жатыр
Ұлттық спорт күні.
Аталған мереке Қызылорда облысында кең көлемде аталып өтіп жатыр. Өңірдің барлық ауданында жүздеген спортшы қазақ күресі, жамбы ату, теңге ілу, тоғыз-құмалақ секілді ойын түрлерінен сынға түсті. Жарыс қызып жатқан шығар?
Нұрлан Жақыпбеков, тілші:
- Бүгін ұлттық спорт түрлерінен облыс аумағында өтіп жатқан жарыстарға үш мыңдай спортшы қатысуға ниет білдірген. Біз тұрған орталық иппадромда да ат спортының бірнеше түрінен үздіктер анықталды.
Шабандоздар әуелі теңге алудан шеберлік байқасты. Аттың құлағында ойнаған жігіттердің ешбірі осал емес. Құстай ұшқан сәйгүліктің үстіде отырып теңге ілу үшін мықты тақым мен ептілік қажет. Әр спортшының еншілеген ұпайына жылқының жылдамдығы да қосылады. Сонымен қатар, сайыпқыран жігіттер садақ тартып сынға түсті. Жамбы ату – көнеден келе жатқан ойынның бірі екені белгілі. Атқа қонған сұрмергендер жылдамдықты бәсеңдетпей бағанға ілінген алтын, күміс жамбыны бірінен соң бірін атып құлатып, ұпай жинады. Сыр өңірінде бұл спорт түрінен үміт артар спортшылар аз емес екенін байқадық. Ал нағыз тартыс қазақ күресі палуандарының арасында өтуде. Бұл спорт түрінен 30 спортшы екі салмақ дәрежесі бойынша мықтыны анықтап жатыр. Жалпы Сыр өңірінде соңғы жылдары ұлттық спортқа ден қойған жастардың қатары артып келеді. Тоғыз құмалақ, асық атудан бөлек ат спорты түрлері де қанат жая түскен.
- Бұл туралы толығырақ облыстық спорт басқармасының басшысы Жанмұрат Сейіловтан сұрасақ. Бүгінде Қызылорда облысында қанша жас ұлттық спортпен шұғылданып жүр?
Жанмұрат Сейілов, облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы:
- Бүгінде ұлттық спорт түрлерімен облыста 32 мыңнан астам адам айналысады. Соңғы жылы олардың қатары 5 мың 600 спортшыға көбейді. Биыл ұлттық спортпен шұғылданушылардың республикалық және халықаралық жарыстарға қатысуы үшін 142 миллион теңге қаржы бөлініп отыр. Спортшыларды жан-жақты қолдау жалғасын таба береді. Бүгін өңірімізде тағы бір маңызды шара қатар өтіп жатыр. Қызылорда қаласының сол жағалауынан бір ауысымджа 64 бала арналған зәулім үстел тенисі орталығының іргетасын қалау рәсімі өтті. Бұл спортшылар жақсы мүмкіндік деп есептейміз.
- Айта кетейік, бүгін өңірде арқан тарту, қой көтеру, ләңгі, қол күресі, гір көтеру секілді спорт түрлері бойынша да тұрғындар арасында сайыстар ұйымдастырылады. Мұндай тағылымы мол шаралар аймақтың барлық аудандары мен елді мекендерінде жалғасады.