Тоғызқұмалақ әлемде кеңінен насихатталып жатыр

Ақыл-ой зеректігін шыңдайтын ұлттық ойындардың бірегейі тоғызқұмалақ.

Елде 200 мыңнан астам бала арнайы үйірмелерге қатысып жүр. Тоғызқұмалақ - қазақтың әлемдік мәдениетке қосқан үлесінің жарқын үлгісі. ЮНЕСКО бұл ойынды "адамзатқа ортақ мәдени мұра" ретінде танып отыр. Қазір тоғызқұмалақ әлемде кеңінен насихатталып жатыр.

Әділет Бекмахан мен Әзімхан Махмұтжан тоғызқұмалақты бала кезден ойнайды. Әділет "блиц" жарысынан мықты. Әзімхан "рапид" сайысында алдына жан салмайды. Екеуі де ел чемпионы. Бұл ұлттық спорт түрін ұршықша иіретін қос дос тоғызқұмалақ ойынын жалпыға бірдей бүкіләлемдік додалардан көргісі келеді. 

Әділет Бекмахан, тоғызқұмалақтан ел чемпионы:

– Мен бұл спортта өзімді кәсіпқой спортшы көремін. Болашақта бұл ойынды өзгертудің еш қажеті жоқ. Бірақ танымал адамдарға ойнатып, бүкіл қазақ ойыншыларын танытсақ, ары қарай әлемге кеңінен танылады деп ойлаймын.

Әзімхан Махмұтжан, тоғызқұмалақтан ел чемпионы:

– Менің ойымша, қазіргі таңда тоғызқұмалақ ойыны қарқынды дамып жатыр. Болашақта Олимпиада ойындарының бағдарламасына қосылуы мүмкін деп ойлаймын.

Елордада 7 мен 13 жас аралығындағы 500-ге жуық бала осы ұлттық спорт түрімен шұғылданады. Жаттықтырушылар оқушылардың білімін шыңдауда зияткерлік ойындардың орны ерекше дейді. 

Гүлнар Базарғалиева, тоғызқұмалақ ойынының жаттықтырушысы:

– Тоғызқұмалақ көбіне бізде логикалық, есеп шығару қасиеттерін дамытады. Және баланың шапшаң болуы сияқты көптеген мимен жұмысты жақсартады. Тоғызқұмалақ ойыны қазіргі таңда Қазақстан мен Қырғызстаннан бөлек, ресей, Түркия, Чехия, Франция және Моңғолия мен Қытайда дамып жатыр.

Тіпті соңғы аталған елде тоғызқұмалаққа ұқсайтын "Бестемше" ойынын бастауыш сыныптарының бағдарламасына пән ретінде енгізген.  

Әлихан Бәйменов, Дүниежүзілік және ҚР тоғызқұмалақ спорты федерациясының президенті:

– Біз бұрын дене шынықтыру пәнінің мұғалімдеріне тоғызқұмалақ үйрету үшін тиісті оқу орындарымен келісіп жүр едік. Енді төменгі сыныптарда математика мен арифметика оқытқанда кәдімгі мысалдарды тоғызқұмалақтан алса дейміз. Біздің тарихымыздың әр кезеңінде ұлы тұлғалар тоғызқұмалаққа назар аударып ойнап келген. Мысалы, Абай өзі ойнап ғана қоймай, маңайындағыларға жарыс ұйымдастырып, тұтас мектеп қалыптастыруға ықпал жасаған.

Тоғызқұмалақты жандандыруға 1940 жылдардың соңында қаламгер Мұхтар Әуезов пен өнер тарланы Қалибек Қуанышбаев сүбелі үлес қосты. Таяуда Алматыда тоғызқұмалақтан республикалық біріншілік өтті. Додаға еліміздің әр аймағынан 130-дан астам қатысушы жиналды. Жеңімпаздарымыз қыркүйекте өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойынында ел намысын қорғайды. Бабы мен бағы қатар шапқандар одан кейін Түркияда өтетін әлем чемпионатына да жолдама алады.

Мирлан Алтынбек, Мұрат Әріпханов