Астанада футболдан балалар арасындағы халықаралық турнир басталады

«Спартак» пен «Бунеткор» Астанаға келді.

Бұнда бүгін футболдан балалар арасындағы халықаралық турнир басталады. 10-11 жастағы өрендер бәсекесіне еліміздің түкпір-түкпірінен және көрші мемлекеттерден 16 команда қатысады. Оның ішінде мәскеулік «Спартак» және ташкенттік «Бунеткор» сияқты айтулы футбол академияларының шәкірттері бар. Күні кеше бас жүлдені сарапқа салатын командалар елордаға жиналып, жарыс алдындағы дайындықты бастады. Айа кету керек, бұндай форматтағы жарыс елімізде алғаш өткізіліп тұр. Бұл ең алдымен өскелең толқынның кәсіпқой тұрғыда қалыптасып, шеберлігін шыңдай түсуге көмектеседі. Басқа жағынан, балалар футболының басы-қасында жүрген мамандардың өзара тәжірбие алмасуына керемет мүмкіндік болмақ. Байрақты бәсекені ұйымдастырушылардың негізгі мақсаты осы. 

Алексей Игнатов, "Спартак" командасының бапкері:

- Астана қаласына бірінші рет келдік. Жарыстың ұйымдастырушыларына рахмет. Жақсы күтіп алып жатыр. Алда тартысты турнир күтіп тұрғаны анық. Өйткені мықты деген командалардың басын қосып жатыр. Әдемі футбол көрсетіп, жеңіске жетуге тырысамыз. 

Бекзод Нишанбаев, "Бунеткор" командасының бапкері:

- Халықаралық турнирге бір ай бұрын шақырту алдық. Содан бері тыңғылықты дайындалдық. Біздің балалар осындай айтулы аламандарда жиі өнер көрсетеді. Осының алдында Мәскеудегі жарыста бақ сынадық. Енді Астанадағы аладоп аламанынан біраз тәжірибе жинаймыз деген үміттемін. 

«Астана Кубогі» деген атаумен өтетін халықаралық турнир ресми жарыстар күнтізбесіне енді. Балалар бәсекесі елорда төрендегі Футбол үйінде өтеді және олар 3 күн бойы өзара мықтыны анықтайды. Айтулы аламанға Қазақстан футбол федерациясының халықаралық дәрежедегі төрешілері қызмет етеді. Алдағы уақытта оны тұрақты ұйымдастырып, ауқымы мен форматын кеңейте түсу де жоспарланып отыр.

Әлихан Уәли, "Астана" командасының капитаны