Қазақстан – Грекия: А. Тағыберген неге алаңға шықпады?

Арманға қол соза алмадық. Бірер сағат бұрын футбол жанкүйерлері тағатсыздана күткен матч аяқталды.

УЕФА Ұлттар лигасы аясында Грекия мен Қазақстан құрамалары кездесіп, алғашқысы ірі есеппен жеңді. Сәйкесінше Еуропа чемпионатына шығамыз деген үміт үзілді.

Грекиядан ірі есеппен жеңілдік

Ірі есеппен есе жібердік. Футболдан УЕФА ұлттар лигасы аясындағы кездесулер өтіп, Еуропа чемпионатының жолдамасына таласатын командалар анықталды. Өкініштісі сол, бұл тізімде біздің жігіттер жоқ. Магомед Адиев баптайтын Қазақстан құрамасы бұл жолы Грекия футболшыларынан жеңілді. Қос команда Афина төріндегі OPAP Arena-да жолығып, өзара мықтыны анықтаған  болатын. Алаң иелері ә дегенен басымдықты өз қолдарына алып, 8-ші минутта есеп ашты. Грекия құрамасының капитаны Анастасиос Бакасетас 11 метрлік айып добын сәтті орындады. Артынша Игорь Шатсикий қорғаған қақпаға шабуыл күйшейіп, қарсылас команда бірінші кезең соңына дейін тағы 3 гол соқты. Ал 86-шы минутта тіпті автогол тіркелді. Осылайша, 5:0 есебімен Грекия құрамасы іріктеудің финалдық кезеңіне өтті. Яғни, олар енді дәл осылай Грузия құрамасымен кездеседі және жеңіске жеткен тарап 2024 жылғы Еуропа чемпионатына жолдама алады. Ал біздің футболшылар құрлықтық додаға қатыса алмайды. Десе де тағы бір кездесу өткізеді. Яғни, Грузия құрамасынан ұтылған Люксембургпен жолығуы қажет.

 

Бас бапкер қызметінен кете ме?

Магомед Адиев қызметінен кете ме не қала ма – әзірге белгісіз. Ұлттық құраманың бас бапкері бұл мәселені Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұовтпен бірге ақылдасып шешетінін жеткізді. Қазақстан мен Грекия арасындағы матчтан кейін әлеуметтік желіде бас бапкерді алып тастауды талап еткен жазбалар көбейді. Өйткені қазақстандық жанкүйерлерге команданың дайындығы және жаттықтырушының такитикасы ұнай қойған жоқ. Матч соңындағы баспасөз мәслихатында ресейлік маман Магомед Адиев 26 наурыздағы ойынға дейін, яғни, Қазақстан-Люксюмбург кездесуіне дейін қызметте қалатынын қадап айтты. Ал ары қарай шешімді федерация басшысы қабылдайды. «Өйткені ол мені жұмысқа шақырған болатын. Қазақстан құрамасының келешегіне қатысты өз ой-пікірім бар. Оған соны жеткіземін. Жоспарыммен бөлісемін. Қазіргі қарбаластан кейін бірге отырып, жан-жақты талқылауымыз қажет. Ауыр әңгіме болатыны анық», – деді Магомед Адиев.

 

А. Тағыберген неге алаңға шықпады?

Асхат Тағыбергеннің жарақаты болды. Қазақстан құрамасының бас бапкері Магомед Адиев команда капитанының жасыл алаңға шықпауына қатысты осындай түсініктеме берді. Жартылай қорғаушы Қазақстан мен Грекия арасындағы мачта қосалқы құрамада отырды. «Асхат жарақатына байлаысты жаттығу жинынының бірінші аптасына келмеді. Ал Түркіменстанға қарсы жолдастық кездесуде 10 минут қана ойнады. Осыдан-ақ толық жарақатынын айығып, бұрынғы қалпына келмегенін байдық. Соған қарамастан Грекияға қарсы матчта алаңға шығарып, 20-30 минуттай ойнатуды жоспарлағанбыз. Бірақ бәрі ойдағыдай бола бермейді. Матч алдағы мақсатың мен матч барысындағы мақсатың қалыптасқан жағдайға байланысты өзгеріп кетуі мүмкін», – деді бас бапкер Магомед Адиев. Оның пікірін Sport Plus Qazaqstan порталы жариялады.

 

Грекия құрамасы жеңісті тойламады

Ал Грекия құрамасының ойыншылары жеңісті тойламады. Бұл жөнінде команда сапындағы жартылай қорғаушы  Йоргос Масурас мәлімдеді. «Қазақстан құрамасына қарағанда әлеуетіміз жоғары екенін білдік. Бірақ бәрібір іште қобалжу болды. Алғашқы голдан кейін ғана ойынымыз ойдағыдай жүріп, жақсы нәтиже тіркедік. Ашығын айтайын, біз кездесуден кейін бұл жеңісті аса тойламадық. Өйткені алда тағы бір маңызды матч бар. Соған бар күшімізді сақтап, кезекті рет жеңіске жетуге тырысамыз. Грекия құрамасы Еуропа чемпионатында ойнауға әбден лайық», – деді Масурас  Қазақстан-Грекия матчынан кейін берген сұхбатында. 

Жоғарыда біздің жігіттер енді Люксембург футбошыларымен кездесетінін айттық. Олар Ұлттар лигасы аясындағы параллель матчта Грузия құрамасымен жолыққан болатын. Тбили қаласындағы мачта 2:0 есебімен алаң иелері жеңді. Сәйкесінше Грузия мен Грекия Еуропа чемпионатының жолдамасына таласады. Ал Қазақстан мен Люксембург өзара мықтыны анықтайды. Соңғы матчта сырт алаңда болады және 26 наурыз күні өтеді.