Елордада бокстан халықаралық турнир басталды

Бақтияр Артаевтың жүлдесіне арналған турнир. Дәл осындай атаумен елордада бокстан жасөспірімдер арасындағы халықаралық турнир өтіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Олимпиада чемпионы және Вел Баркер кубогы иегерінің құрметіне арналған жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен және Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстаннан 300-ге жуық қатысушы жиналды. Жарыстың ашылу салтанатына Спорт және дене шынықтыру комитетінің басшысы Ербол Мырзабосынов келіп, жас боксшыларға сәттілік тіледі. Одан кейін Артаевты Олимпиадаға дайындаған мамандар мен ұлттық құрамада бірге болған споршылар сөз алды. Ресми шарадан кейін кәсіпқой бокстан көрсетілімдік жекпе-жек өтті.

Айта кету керек, бұндай жаңашылдық алғаш қолға алынып тұр. Оның аясында шаршы алаңға қазақстандық Бақберген Әлиасқаров пен өзбекстандық Жавохир Абдурахимов шықты. 4 раундтық жекпе-жек қорытындысы бойынша төрешілер былғары қолғап шеберлеріне бірдей ұпай беріп, тең нәтиже тіркелді.

Артынша негізгі жарыс та қыза түсті. Елорда төріндегі алып спорт кешенінде жасөспірімдер арасында 2 жас деңгейі бойынша сындар өтіп жатыр. Байрақты бәсеке 29 наурызға дейін жалғасады. Оның жеңімпаздарына қаржылай сыйақы қарастырылған.

Айта кетейік, Бақтияр Артаевтың жүлдесіне арналған турнир алғаш рет өтіп жатыр. Алдағы уақытта оны тұрақты ұйымдастырып, Олимпиада чемпионының құрметіне арналған дәстүрлі жарысқа айналдыру жоспарланып отыр.