Футболдан халықаралық турнир жалғасып жатыр
Бас жүлдені сарапқа салатын төрттік анықталды, деп хабарлайды 24KZ.
Астанада футболдан балалар арасындағы халықаралық турнир жалғасып жатыр. 10-11 жастағы өрендер бәсекесіне Астана, Ақтөбе, Ақсу, Шахтер, Тараз және Оқжетпес сияқты еліміздегі айтулы клубтардың шәкірттері жиналды. Бұған қоса ресейлік «Спартак» пен өзбекстандық «Бунеткордың» командалары да арнайы келді. Бас-аяғы 16 команда алғашқы күндері топтық кезеңде өзара мықтыны анықтады.
Ал күні кеше плей-оффқа шыққан 8 команда бір-бір кездесуден өткізді. Нәтижесінде жергілікті «Астана», павлодардық «Ақсу», ташкенттік «Бунеткор» және мәскеулік «Спартак» жартылай финалға жолдама алды. Жарыс жеңімпазы бүгін анықталады.
Айта кету керек, бұндай деңгейдегі жарыс Астанада алғаш өткізіліп тұр. Бұл – балалардың шеберлігін шыңдауға жақсы мүмкіндік, – дейді мамандар. Бұған қоса жарыс аясында бапкерлер де өзара тәжірибе алмасуды көздейді. Алдағы уақытта турнирді тұрақты ұйымдастырып, ауқымы мен форматын ұлғайту да жоспарланып отыр.