Париж-2024: Ел қоржынына 47 жолдама түсті
Стенд атудан Катар астанасы Дохада өтіп жатқан лицензиялық турнирде Ұлттық құрама спортшысы Мария Дмитриенко Париж Олимпиадасына лицензия жеңіп алды. Ол трап бағдарламасында ақтық сынға шықты. Ереже бойынша финалдан көрінген 4 мергенге Олимпиада жолдамасы беріледі. Айта кетейік, Мария осыған дейін 2016 жылы Рио Олимпиадасына қатысып, 8-орынға табан тіреген. Сонымен қатар өткен жылы Бакудегі әлем чемпионатында Мария аралас жұптық сында Даниил Почиваловпен бірге қола жүлдегер атанған. Қазір Қазақстан қоржынында 47 лицензия бар. Осыған дейін төрт жылдықтың басты бәсекесіне 46-жолдаманы күрес түрлерінен 130 келідегі Әлімхан Сыздықов Бішкекте жеңіп алған болатын.
Көкпар: ел чемпионатының топтық кезеңі аяқталды
Қызылорда қаласында өтіп жатқан көкпардан 23-ші ел чемпионатының топтық кезеңі аяқталды. Өз тобында бірінші орын алған 4 команда жартылай финалға жолдама алды. Яғни олар Қостанай, Түркістан, Жамбыл және Алматы облыстары. Азамат пен қазанаттың намысы сынға түсетін бұл дода 30 сәуірге дейін жалғасады. Айта кетейік, былтырғы ел чемпионатында Жамбыл облысының Әулие ата командасы ақтық сында Қостанай облысының командасын жеңіп, Қазақстанның 13 дүркін чемпионы атанған болатын. Ал тұғырдың үшінші сатысына Түркістан мен Қызылорда облыстарының спортшылары тұрақтаған.
Е. Рыбакина Мадридке барды
Өткен аптада Штутгарт турнирінің жеңімпазы атанған Қазақстанның бірінші, әлемнің 4-ракеткасы Елена Рыбакина Испания астанасы Мадрид қаласына келіп, жаттығуға кірісті. Мадрид жарысы 23 сәуір мен 4 мамыр аралығында өтеді. Аталған сайыста Қазақстаннан Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева өнер көрсетеді. Рыбакина жарысты екінші айналымнан бастайды. Ол әлемнің 46-ракеткасы, Италия өкілі Лючия Бронцетти немесе іріктеу сайысы жеңімпаздарының бірімен кездеседі. Егер бәрі сәтті болса, Рыбакина ширек финалда әлемнің 6-ракеткасы, қытайлық Чжэн Циньвэньмен жолығуы мүмкін. Ал дүниежүзілік рейтингте 50-ші орында тұрған Путинцева алғашқы айналымда әлемнің 37-ракеткасы, қытайлық Юань Юэмен шеберлік байқасады. Айта кетейік, 2023 жылы екі Отандасымыз да екінші айналымнан аса алмаған болатын.
Дзюдо: Азия чемпионаты аяқталды
Қытайдың Гонконг қаласында дзюдодан 32-ші Азия чемпионаты аяқталды. Биылғы сары құрлық додасына 34 елден 262 таңдаулы татами шебері келді. Жарыс соңғы күні Ұлттық құрама аралас командалық сайыста қола медальді жеңіп алды. Жүлде жолында ел құрамасы Үндістанды ұтып, жартылай финалда Жапондарға есе жіберді. Ал қола жүлде үшін текетіресте Түрікменстан спортшыларын жеңіп кетті. Жекелей сында 48 келіде Ғалия Тынбаева, 66 келіде Жанарыс Рахметқали, 63 келіде Эсмигуль Куюлова тұғырдың үшінші сатысынан көрінді. Ал қалған дзюдошыларымыздың жолы болмады. Осылайша отандық балуандар Азия чемпионатын алтынсыз аяқтады. Айта кетейік, Азия чемпионатының жеңімпазы Олимпиада рейтингінде 700 ұпай, күміс жүлдегер 490, ал қола медаль алған дзюдошыларға 350 балл қосылды. Қола жүлде жолында жеңілген тағы 2 спортшы 250 ұпайға қол жеткізді.