Спортшыларымыз лицензия үшін жанталасып жатыр

Төртжылдықтың басты бәсекесіне 3 айға жетер-жетпес уақыт қалды.

Қазір спортшыларымыз жолдама үшін жанталасып жатыр. Бокстың өзінен ерлер құрамасының қоржыны 1 жолдамаға кем.

Иә, қазір бокстан Олимпиадаға 6 жігіттің баратыны белгілі. Жанкүйерлер алтын алуға үмітті спорт деп шаршы алаңға шығар сәтті тағатсыздана күтіп отыр. Бірақ ойымызға Токиодағы нәтижені қайталай ма деген күдік ұялайтыны тағы бар.

Тоғыз боксшы, тоғыз үміт, тоғыз жеңіліс... Естеріңізге сала кетсек 2021 жылы әлем көз тіккен олимпиадада, былғары қолғап шеберлерінің жолы болмады. Үмітпен қараған Сәкен Бибосынов пен Қамшыбек Қонқабаев жарыстың ақтық сынына өте алмады. Тіпті қазақтың салмағы дейтін 69 келіде өнер көрсеткен Абылайхан Жүсіпов те жанкүйерлерін жерге қаратты. 

Осылайша 1996 жылдан бері олимпиададан алтынсыз қайтпаған Қазақстан, Токио төрінен тек қос қоламен оралды.

Графика

Атланта 1996

1 алтын, 1 күміс, 2 қола

Сидней 2000

2 алтын, 2 күміс

Афины 2004

1 алтын, 1 күміс, 1 қола

Пекин 2008

1 алтын, 1 қола

Лондон 2012

1 алтын, 1 күміс, 2 қола

Рио 2016

1 алтын, 2 күміс, 2 қола

Токио 2020

2 қола 

Тұрсынғали Еділов, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

- Ол кезде бәрі біледі ғой. Неге десеңіз бізде өте шаршаған. Анда жүрді, мында жүрді. Олимпиада алдында өзбектермен жарысып, Азияға барып керегі жоқ болатын олимпиаданың алдында. Балаларды шаршатып жіберді.

Қазір қоржынымызда ерлер арасындағы 7 жолдаманың 6-ы бар. Олимп шыңын бағындыруға баратын 6 жігіттің 4-і әлем чемпионы. Бір қызығы қазақ тарихында тұңғыш рет олимпиадада егіз спортшылар, Айбек пен Нұрбек Оралбайлар бақ сынайды. Олар қазір Түркістан облысында өтіп жатқан оқу жаттығу жиындарында жан-жақты дайындығын пысықтауда.

Нұрбек Оралбай, бокстан әлем чемпионы:

- Алла қаласа, Олимпиада ойындарынан абыроймен оралып, елге көк туымызды көтеріп, абыроймен оралып қайтайық....

Иә ел намысын қорғап жүрген жігіттеріміз Токиода кеткен есені толтыру үшін барын салуда. Сидней олимпиадасының күміс жүлдегері Мұхтархан Ділдәбеков қазір спортшыларға олимпиада да топ жару үшін барлық жағдай жасалынған дейді.

Мұхтархан Ділдәбеков, Сидней Олимпиадасының күміс жүлдегері:

- Менің кезімде ауыр салмақтағылар болмаған. Мен ауыр салмақтағы боксшыларды іздеп , солармен жаттығу өткізіп келетін едім. Қазіргі заман мен сол заманның айырмашылығы бар. Қазір жағдай жетеді.

Топқа түсер тұлпарды тұяғынан таныған қазақпыз. Аттың сүйегіне қарап, бәйгеден келетінін дөп тапқан Күреңбайды, адамның пошымына қарап кім екенін нақ айтқан Толыбайды тарих беттерінен білеміз. Ардагер жаттықтырушы Тұрсынғали Еділов те өз сынын айтты. 

Тұрсынғали Еділов, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

- Мүмкіншілік бар алтын алуға. Бірақ соңғы жаттығулар, соңғы подвокада қалай балаларды алып келсек шаршатпай. Кейбір салмақта бар, Шымбергеновте, кейбір балаларда мүмкіншілік бар. Алтын десе бір алтын енді болу керек. 

Қазір бокстан 63,5 келіміз ақсап тұр. Бұл салмақта өнер көрсететін Мұхамедсабыр Базарбайұлы Таиландта өтетін лицензиялық турнирде бақ сынайды. Бұл оның соңғы мүмкіндігі. Жеңіліп қалса олимпиадаға бір боксшымыз кем барады. Ал 6 боксшымыз олимпиадаға сақадай сай. Қазақстан мықты бокс державасы екенін әлдеқашан мойындатқан ел. Париж алтынының жолында жігіттеріміз аянып қалмасы анық.

Әлішер Әли