Велосипедпен Парижге аттанды 

Маңғыстаулық велоспортшы Рәббім Борашев Парижге аттанды.

Бейнеу ауылының 64 жастағы тұрғыны Франциядағы Олимпиада кезінде Қазақстан құрамасына жанкүйер болғысы келеді.

Велоспортшы Ақтаудан Бакуге ұшақпен жетті. Қазір Тбилиси-Батуми бағытындағы тасжолмен жүріп келеді. Одан әрі Ыстамбұл-Будапешт-Вена-Мюнхен арқылы Парижге барады. Осылайша велосипедпен бес мың шақырым жол жүріп өтпек.

Рәббім Борашев құрылыс саласының ардагері. Бұған дейін Маңғыстаудан Алтайға велосипедпен барып, 5406 метр тау биігіне шыққан.

Рәббім Борашев, велоспортшы:

- Жұрт самолетпен ұшып барады, мен кәдімгідей тер төгіп барам. Бакудің осы жердегі консулдары келіп, осы жерде барлығы шығарып салды. Ана жақтан велофедерациясы өздері күтіп алып, мені Грузияның шекарасына дейін шығарып саламыз деді. Маған бұл үлкен қолдау. Тек маған емес, бүкіл Маңғыстауға бауырластық қолдау деп түсінем мен. Қатты риза болдым.