Эверест шыңын бағындырған тұңғыш қазақ қызы елге оралды

Эверест шыңын бағындырған тұңғыш қазақ қызы Анар Бурашева бүгін Алматыға келді.

Жер шарының ең биік нүктесіне шыққан альпинистерді алматылықтар таң бозынан күтіп алды. Физикалық және психологиялық тұрғыдағы ең ауыр сапар 6 сәуірде басталған еді.

Эвересті бағындырған үш отандасымызды күтіп алуға келген адам көп. Әскери бөлім қызметкерлері, альпинистер және үш спортшының туыстары бар. Әйгілі шыңды бағындырған тұңғыш қазақ аруы Анар Бурашеваның жақындары да Семейден арнайы келіпті.

Серікқазы Метелқанұлы, Анар Бурашеваның нағашы ағасы:

- Жасырары жоқ, қорықтық. Алладан тек қана жақсылықты тіледік, аман шығып, аман келсін деп отырдық. Содан қарындасым айтты осындай тосынсый жасайықшы, аға, келе аласың ба деп. Ешнәрсеге қарамай бәрін тастадық та осында келдік, жиеніміздің қуанышына ортақтасайық деп. 

Анар Бурашеваны алматылықтар әндетіп, ұрандатып күтіп алды. Гүл шоқтарын ұсынып, шыңды бағындырып, аман-есен оралғаны үшін алғыс айтты. Спортшыларымыздың жүзі Эверестің ащы күніне күйіп, аяз шалғаны көрініп тұр.

Анар Бурашева, скайраннер-спортшы:

- Әзірге осы сапардан қандай әсер алғанымды айта алмаймын, ойымды жинақтай алмай тұрмын. Ең бастысы, барлығымыз аман-есен үйге жеткенімізге қуаныштымын. Мені күтіп алуға келгендерге ризамын.

Эверест экспедициясының жетекшісі Мақсұт Жұмаев 8848 метрді үшінші рет бағындырған шебер. Ал командадағы үшінші спортшы Альмир Қымбатбайұлы көк тіреген шыңға бірінші рет қадам басқан.

Альмир Қымбатбайұлы, скайраннер-спортшы:

- Ойлағанымдай болған жоқ, қиынырақ болды. Барар алдында енді жеңіл болатын шығар деп ойлағам. Барғаннан кейін көзім жетті өте қиын екеніне. Өте суық. Басында жел болды, түнде боран болды. Сосын күндіз күн шыққанда ауа райы жақсарды.

Мақсұт Жұмаев, альпинист, экспедиция жетекшісі:

- Эвересті бағындыру сапары 1,5 айға созылды. Команда үш адам бар. Эверестке шығу техникалық және психологиялық тұрғыдан өте ауыр шаруа. Біз мақсатымызға жеттік.

Қауіпті әрі ұзақ сапардан оралған отандастарымыздың айтары көп. Жолдан шаршап келген қыз-жігіттер сәл тынығып алған соң, қиын да қызықты саяхат туралы арнайы брифингте айтып бермек.

Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев