Ақтөбеде әуесқой футболға алаң жетіспейді

Ақтөбеде әуесқой футболшылар көбейді. Биыл облыс біріншілігіне қатысуға 150-ден астам команда өтінім берген, деп хабарлайды 24kz.

Ұйымдастырушылар ұжымдарды деңгейіне қарай төрт топқа бөлді. Жеңімпаз команда футзалдан әуесқойлар арасындағы Қазақстан чемпионатына жолдама алады.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Айбат Өнербаев дүкенде қарапайым сатушы боп істейді. Бала күннен бірге доп теуіп өскен достарымен команда жасақтап, облыс чемпионатына қатысуға өтінім берген. Құрамындағы ойыншылардың бәрі де әуесқойлар. Дегенмен, жүйелі жаттығулардың жемісі арқасында алғашқы қарсыласын 8:0 есебімен тас-талқан еткен.

Айбат Өнербаев, әуесқой футболшы:

- Біз енді жаңадан басталған соң төменнен бастап көтіріле бергіміз келді. Алдағы уақытта жеңіске жетіп жатсақ, жоғарғы лига, вышка, содан соң Қазақстанның әуесқрй лигасы сияқты ғой. Бізде көп қой, Ақтөбеден шыққан чемпиондар бар. «Рахмет» командасы әуесқойдан кәсіби деңгейге дейін барды. Ең бастысы, футбол азарт қой. Қызығушылық өте көп. Ақтөбе – футбол қаласы.

Ақтөбеліктердің әлемдегі нөмірі бір спортқа деген көзқарасы ерекше екенін әуесқой футболдан-ақ байқауға болады. Осыдан он жыл бұрын бұл лигада тек 8 команда болатын. Ал биыл облыс біріншілігіне 150-ден астам команда жиналып отырн. Бұл дегеніміз, шамамен 5 мыңнан артық ойыншы. Бірі металлург болса, бірі шахтер, құрылысшы мен кеңсе әкімшілері сияқты мамандық иелері. Қатарында кәсіби футболшы жоқ.

Нұрпейіс Сәрсенбаев, Ақтөбе әуесқой футбол лигасының ұйымдастырушысы:

- ЛЛФ-тың өзінің ережесі бойынша әрбір командада екі кәсіби деңгейде ойнаған максимум екі ойыншы болуға рұқсат. Бірақ дегенмен, қазір футбол дамып келе жатыр. Бірінші-екінші лиганың да кейбір командалары бар жоғары деңгейде ойнап жүрген.

Әуесқой футбол лигасындағы матчтар сенбі-жексенбі күндері ғана өтеді. Күнтізбе ойыншылардың жұмыс уақытына кедергі болмайтындай етіп жасақталған. Жеңімпаз наурыз айында белгілі болады. Бірақ ұйымдастырушылар кестеден кешігіп қалатындарын жоққа шығармай отыр. Себебі облыс орталығында ойын талаптарына сай жабдықталған футбол алаңы тапшы.

Мақсат Түмалиев, Ақтөбе әуесқой футбол лигасының жетекшісі:

- Басты проблема – футбол алаңында. Ақтөбеде мұндай ауқымды жарыс өткізетін алаңдар өте аз. Уақыт тапшы болғандықтан кейде демалыс күндері бір айналым аяқтай алмай, келесі аптаға қалып жатады. Жаз мезгілінде де жасыл алаң тапшы. Егер бізге орын берілсе, жазғы футбол алаңдарын өзіміз-ақ салып алар едік.

Ақтөбеде футбол және футзалға арналған 120 алаң бар. Олардың дені облыстық балалар мен жасөспірімдерге арналған мектептерге тиесілі. Ақылы қызмет көрсететін жекеменшіктегі спорт нысандарында да мемлекеттік тапсырыс аясында балалар жаттығады. Жалпы облыста 3200 жеткіншек футбол үйірмелеріне қатысып жүр.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов