Қарағандыда жол жөндеу жұмыстарына ₸24 млрд бөлінді

Қарағандыда республикалық «Таза Қазақстан» акциясы қаланы абаттандыру жұмыстарымен жалғасты.

Қазір шаһар ішіндегі жолдар қалпына келтіріліп жатыр. Биыл бұл бағытта 24 миллиард теңге бөлінді.

Қаладағы ой-шұңқыры көп, ең нашар жолдың бірі – Печугин атындағы көше. Биыл мұнда абаттандыру, жол салу жұмыстары басталды. Ұзындығы 5 шақырым аумаққа асфальт төселмек. Бұған қоса жаяу жүргіншілер жолы мен жиектастар жаңартылып, жарық бағандары орнатылады.

Наталья Мальчушкина, серіктестік директоры:

- Жолдың бедерін де өзгерттік. Бұрын екі жаққа еңкіс болса, енді су бір жаққа ағатындай етіп жасалады. Бұл асфальттың жаңбыр мен қардан бұзылмауы үшін қажет. Ескі жолды қазу кезінде бұрынғы суағар құбырларын алып тастадық. Себебі олар әбден шіріп кетті. Орнына жаңасын саламыз. Техникалық бақылаушылар жұмыс сапасын үнемі тексереді. Жол-құрылыс материалдарынан зертхана мамандары сынама алып отырады.

Ал Бөкетов атындағы көшеде бұрын-соңды асфальтты жол мүлде болмаған. Мұнда да екіқабатты асфальт төселеді. Маңайында суағары, жаяу жүргінші жолы болады. Жалпы биыл қалада 128 шақырым жол жөнделеді.

Рүстем Қожақапанов, қала әкімінің орынбасары:

- Бізде 5 сатылы бақылау жүргізіледі. Осы жылдан бастап біз жаңа технологияларды қолданып жатырмыз. Асфальт-бетон жабындының жоғарғы жабындысына бутонал модификациялық қосымшаны қосып жатырмыз. Пайдасын көреміз деп ойлаймыз.

Жалпы қала ішіндегі жолдардың жалпы ұзындығы 1 мың шақырымға жуықтайды. Биыл негізінен орталық көшелер қалыпқа келтіріледі. Жөндеу жұмыстарына 24 миллиард теңге бөлінген. Ал келер жылы шеткі көшелер  мен жеке үйлер аумағындағы жолдар жаңартылады. Сол кезде қаладағы жолдардың 90%-і талапқа сай болады, – дейді жергілікті билік өкілдері.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зулпыхар.