Қостанайда шойын құю зауыты іске қосылады

Қостанайда ел экономикасының жаңа локомотивіне айналуы тиіс жоғары технологиялық екі зауыттың біреуінің құрылысы аяқталуға таяу, деп хабарлайды 24KZ.

Шойын құю зауыты жақын күндері іске қосылады. Жаңа өндіріс орнында көлік қозғалтқыштарының блоктары мен жүк машинасының қозғалтқыш редукторлары шығарылады. Бұл ауқымды инвестициялық жобалардың іске асуы ерекше назарда. Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов инженерлермен кездесіп, алдағы жұмыстарды тағы пысықтады.

Бұл зауыттар индустриалды аймақта салынды. Жыл сайын өндіріс ошақтары 45 мың тонна шойын құйма өнімдерін, 74 мың жүк машиналарының редукторларын шығаратын болады. Шойын құю зауытының құрылысы аяқталды.Қазір құрал-жабдықтарын орнату жұмыстары жүріп жатыр. Қазақстанда шойын құймасына тапшылық бар екендігін ескерсек, кәсіпорын өніміне сұраныс зор болатындығы анық.

Сергей Стрельчук, қорыту учаскесінің басшысы:

- Бұйымдарды құятын құрал-жабдықтардың негізгі бөлігі орнатылды. Нақты айтсақ, қозғалтқыштың цилиндрлер блогы, картер, блоктың үстіңгі бөлігі сияқты бөлшектер шығарамыз. Қазірдің өзінде сұраныс түсіп жатыр. Машина жасау саласында біздің компания әлемдік ірі өндіріс ошақтарының қатарына кіретіндігіне сенімдімін.

Шикізат құрамдарының бірі – болат металы. Оны қорыту пешіне салады. Сосын ерітіндіні қалыпқа құяды. Мұнда бәрі жоғары технологиялы құрал-жабдықтар. Күрделі аймақтарында роботтар орнатылған.

Алексей Котов, шойын құю зауытының директоры:

- Цилиндрлер блогы және цилиндрлердің бас жағы алтыншы топқа жататын күрделі құрылым. Ең қиыны сол. Біз мұнда жоғары денгейлі автоматтандырылған жүйені қолданамыз. Зауытта 30-дан астам робот бар. Соның жиырмасы блок, цилиндрлер шығаратын желі бойында орнатылды.

Одан бөлек, 20 робот көлік қозғалтқыштарының блоктары мен жүк машинасының қозғалтқыш редукторларын шығаратын зауытта орнатылады. Бұл өндіріс орыны келер жылы іске қосылмақ.

Дмитрий Гуртовой, зауыттың бас директоры:

- Фундаменттік базасы дайын. Мұндағы металл өңдеу технологиясы Орта Азия, ТМД бойынша бірегей десе болады. Қысып, тығыздайтын қондырғы жақын күндері жеткізіледі. Оны орнатын алаң дайын тұр.

Жергілікті атқарушы билік индустриалдық аймақта инвесторлар үшін барынша қолайлы жағдай жасаған. Инфрақұрылым, жол салынып, инженерлік коммуникация толық өткізілген.

Құмар Ақсақалов, Қостанай облысының әкімі:

- Шойын құю зауытының құрылысы толығымен бітті. Ең замануи жабдықтар толығымен түсіп, орнатылды. Бүгінгі күні оларды қосу жұмыстары жүргізіледі. Осы зауытта 500-ге жуық жаңа жұмыс орындары ашылатын болады. Және жыл сайын мемлекеттік бюджетке 20 миллиардтан аса салық түсіретін болады.

Бұл зауыттарға қажетті мамандарды жергілікті автомобиль көлігі колледжінде дайындайтын болады. Сұранысқа сай машина жасау саласына қажетті қосымша бес мамандық бойынша оқу бөлімі ашылды

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг