Шымкентте «Таза Қазақстан» акциясының кезекті апталығы қорытындыланды

Шымкенттіктер «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының кезекті апталығын қорытындылады.

Жалпықалалық науқанға мыңдаған адам жұмылып, 200 тоннадай күл-қоқыс шығарылды. Сенбілікке жастар мен қариялар бір кісідей атсалысты.

Экологиялық акцияға жастар мен зейнеткерлер қатысты. Олар Бадам өзені жағалауын арам шөптен тазартып, қоқыс жинады. Көпшілік серуендейтін жол бойын сыпырып шықты. 

Есенбек Битаев, қала тұрғыны:

- «Әрбір адам айналасын таза ұстаса әлем таза болады»,-дейді. Еліміздің таза болуы сіздер мен біздерге байланысты. Қазақстан гүлденуі үшін, елдің таза болуы үшін атсалысуымыз керек. 

Акция қалаға қарасты 5 ауданды қамтыды. Белсенді топтың қатысуымен «Астана аллеясы», «Қасірет мемориалы» және «Орталық саябақта» ағаш түптері қопсытылып, артық бұталар қырқылды. Бүлінген орындықтар қалпына келтіріліп, қоршаулар сырланды. Өнегелі әрі игі іске мыңнан аса адам үлес қосты. 

Пердеш Есенбеков, Қаратау аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

- Туған қаламызды, туған жерімізді абаттандыру үшін әрбір азамат азаматтық жүрекпен, адал ниетпен қызмет ете беру керек деп ойлаймын. Біз сондықтан сол жұмысқа барлық азаматтарды, тұрғындарды сенікі менікі демей атсалысуға шақырамыз. 

Қаладағы жеке тұрғын үйлердің басым бөлігі Еңбекші ауданында орналасқан. Мұндағы халық «Достық ауласы», «Менің мекенім» деген акцияға қатысты. Жалпы 1 ай ішінде 900 тонна күл-қоқыс арнайы полигонға шығарылды.

Досалы Амангелдиев, Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары:

- Акция барысында 1200-ден астам біздің көшеміз, мыңнан аса тратуарымыз, сонымен қатар 130 шақырым болатын арық-атыздар, ирригациялық арықтар тазаланды. Барлық тұрғындар белсене қатысты. 

Тұрғындардың жаппай қолдауына ие болған эко акция жыл соңына дейін жалғасады. Ұйымдастырушылар науқанның қорытындысында үлгілі аула иелерін марапаттайды.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов