Ақмола облысында 270 мектеп жоғары жылдамдықты интернетке қосылды
Ақмола облысындағы 270 ауыл мектебі Илон Масктың жоғары жылдамдықты интернетімен қамтылды, деп хабарлайды 24KZ.
Осы ретте ұялы байланысы және интернеті нашар шалғай елді мекендерге басымдық берілді. Енді жергілікті мұғалімдер мен оқушыларға үздік білім платформалары қолжетімді.
Бурабай ауданындағы Кенесары ауылына Starlink интернеті бір айдан аса уақыт бұрын тартылды. Қазір кабинетттер жергілікті тораптарға қосылған. Мұғалімдер мен оқушылар оның артықшылығын бағалап үлгерді. Бір секундта 200 мегабитке дейін жететін жылдамдық онлайн сабақтар мен кез келген білім бағдарламаларын қас-қағым сәтте жүктей алады.
Руслана Шевченко, оқушы:
- Сабағымыз әлдеқайда жеңілдеп қалды. Себебі интернеттің жылдамдығы жоғары. Өзімізге қажетті ақпаратты шұғыл табамыз. Кез келген сілтемені ашып, онлайн олимпиадаларға, тестілеулерге қатыса аламыз.
Амангелді Болатұлы, информатика пәнінің мұғалімі:
- Интернетте ешқандай кедергісіз білім ресурстарына, «Күнделік» сайтына, тағы да сайттарға кіруге өте жақсы мүмкіндік береді. Ал қазір жоғарланғанның арқасында оқушыларда уақыт үнемделеді.
Қазір Илон Масктың кең жолақты интернеті Бурабай ауданының 14 мектебінде бар. Облыс бойынша 270 мектепті Starlink-ке қосу жұмыстары аяқталуға жақын.
Рустам Құлниязов, өңірлік білімдегі жаңа технологиялар орталығы директорының орынбасары:
- Ақмола облысының 270 мектебінің жергілікті операторлармен интернет жылдамдығын ұлғайту мүмкіншілігі жоқтығы белгілі болып, сол мектептерге Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, Starlink технологиясын орнату жұмыстары жүргізіліп аяқталуда.
Бұдан бөлек, ұялы байланыс операторлары «Қолжетімді интернет» жобасы аясында 2027 жылға дейін шалғай ауылдарға талшықты-оптикалық байланыс желісін тартады. Өз кезегінде бұл ауыл мектептеріндегі интернет жылдамдығын барынша ұлғайтуға септігін тигізеді.
Авторлары: Аслан Абуталипов, Евгений Шинкаренко