Маңғыстаудағы Caspy Bitum зауыты өндіріс қуатын ұлғайтты
Маңғыстаудағы Caspy Bitum зауыты Қаражанбас мұнайын өңдеу қуатын 1 млн тоннадан 1,5 млн тоннаға дейін ұлғайтты, деп хабарлайды 24kz.
Кәсіпорынды жаңғырту жобасы ел Президентінің тікелей тапсырмасына сәйкес қысқа мерзімде аяқталды. Зауыт бұған дейін жылына 500 мың тонна битум шығарып келсе, ендігі кезек 750 мың тоннаға дейін сапасы жоғары жол құрылысы материалын өндіруге мүмкіндік алды.
Зауыттың негізгі технологиялық жабдығын ауыстырып, жаңасын орнату жоспарлы мерзімінен 1 ай ерте аяқталды. Осылайша, өндіріс қуаты артқан Caspi Bitum бүгін ресми түрде ашылды. Салтанатты шараға энергетика министрлігі, «Самұрық-Қазына» және «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының өкілдері, аймақ әкімі және бас мердігер «CITIC Construction» компаниясының қызметкерлері қатысты.
Саятай Әліпбаев, «Қазмұнайгаз» ҰК» АҚ Мұнай өндіру және мұнай химиясы департаментінің директоры:
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаетың бізге берілген тапсырмасы бойынша бүгінгі күнде Caspi Bitum зауыты іске қосылды. Бұл зауытта былтырғы жылы қараша айында осы күрделі жұмыстар басталып, жолға арналған битумдардың өндірісін жылына 750 мың тоннаға шығаруға қазір қуаттылығын жеткізді. Сәуір айында зауыт 28 мың тонна мұнай өңдеп, 10 мың 800 тонна битум өндірдік.
Жаңғырту кезінде зауытқа биіктігі 40 метрді құрайтын 140 тонналық вакуумдық баған орнатылды. Жаңадан 24 сорғы, 20 жылу алмастырғыш, ауамен салқындатылатын 5 агрегат іске қосылды. Жалпы ұзындығы 14 мың метр болатын құбырлар ауыстырылып, 300-ден астам бақылау-өлшеу аспаптары қойылды. Автоматтандыру мен бақылау жүйелері және басқа да технологиялық жабдықтары жаңартылды.
Талғат Мұқанов, Caspy Bitum зауыты бас директорының бірінші орынбасары:
- Экология жағынан да жаңғырту мәселелері бұл жобада қарастырылған болатын. Ең басты ерекшеліктеріміз – пештің горелкаларын өзгерттік. Ауаға ластайтын заттарды азырақ тастайды. Сәуір айында біз 26 мың тонна мұнайды өңдедік, 10 мың 500 тоннадай битум шығардық. Ол қазір Қазақстан өңірлеріне жөнелтіліп жатыр.
Осы айда мамандар 90 мың тонна мұнай өңдеп, 45 мың тонна битум шығаруды жоспарлап отыр. Айта кетсек, зауыт 2013 жылы қолданысқа берілді. Қазір Орталық Азиядағы ең ірі жол битумын өндіруші саналады. Оны жаңғырту ел Үкіметінің экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспарына енгізілген болатын.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев