Ақтөбеде Халық қаһармандары мен Еңбек ерлерінің қатысуымен конференция өтті
Ақтөбеде Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың 100 жылдығына орай ұйымдастырылған «Халық қаһармандары мен Қазақстан Еңбек ерлерінің» төртінші конференциясы өтті, деп хабарлайды 24kz.
Оған елдің дамуына елеулі үлес қосқан еңбек адамдары, ғалымдар, дәрігерлер, ұстаздар мен әскери сала ардагерлері қатысты.
«Халық қаһармандары мен Қазақстан Еңбек ерлері» форумының негізгі тақырыбы ұрпақтар сабақтастығы болды. Халықтың шын ықыласына бөлену үшін еңбектегі ерліктің қазіргі қоғамдағы орны секілді мәселелер талқыланды. Аймақ басшысы Асхат Шахаров меймандарға алғыс айтып, ардақты азаматтардың өмір жолы жас ұрпақ үшін ұлағатты тәрбие мектебі екендігін атап өтті.
Асхат Шахаров, Ақтөбе облысының әкімі:
- Әрбір Халық қаһарманы мен Қазақстанның еңбек ері – елге адал қызмет етудің, қайсарлық пен табандылықтың жарқын үлгісі. Олар өз еңбегімен, ерлігімен бүкіл халықтың жүрегінен орын алып, ел мақтанышына айналды. Сіздердің ерлігіңіз, еңбектеріңіз ел жадында, ұрпақ есінде мәңгі сақталады
Алқалы жиынға «Халық қаһарманы», генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, «Қазақстанның еңбек ері», медицина ғылымдарының докторы Серік Ақшолақов, Қазақстанның педагогика ғылымдары академиясының академигі, «Қазақстанның Еңбек ері» Аягүл Миразова, Мұрат Қайыргелдин сияқты қайраткерлер қатысты.
Бақытжан Ертаев, ҚР Халық қаһарманы:
- Ақсақал бар жерде ақыл сұрау бар, жастар бар жерде болашақ бар. Ақылмен жастарға жеткізіп, олар бізді үлгі ұтып, бір болсақ, жеңілмейтін, биік туы бар болашақ Қазақстан жасай береді! Ол жасай беруі үшін біз бәріміз еліміздің патриоты тілмен емес, сөзбен емес, жүрекпен болуымыз керек.
Конференция қонақтары Әлия Молдағұлованың мемориалдық кешеніне гүл шоқтарын қойып, қазақтың қайсар қызының рухына тағзым етті. Батырдың жүз жылдық мерейтойына орай жаңартылған мемориалдық мұражайын аралап, құнды жәдігерлермен танысты. Сондай-ақ болашақ ұшқыштармен, темір тәртіпті әскери қызметшілермен жүздесті.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айбек Даутов