Елордада трансплантацияға арналған жабдықтар өндіретін зауыттың құрылысы басталды
Астанада пластикалық бұйымдар шығаратын зауытттың іргетасы қаланды, деп хабарлайды 24kz.
Кәсіпорын келешекте медицинаға қажетті құрал-жабдықтарды өндіреді. Анығын айтсақ, ағза трансплантациясы кезінде донорды тасымалдауға арналған құрылғыны, отаға қажетті өнімдерді шығарады. Жаңа нысан іске қосылса, күрделі операцияларды жасау жеңілдеп, ағза алмастыру ісі ілгерлейді. Жобаға Heart center foundation қоғамдық қоры жетекшілік жасайды.
Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:
- Ақпан айында астаналық ақ халаттылар Alem атты құрылғыны қолданысқа қосты. Жаһанда теңдесі жоқ жаңа жабдық донор трансплантациясында ағзаны тасымалдауға һәм 24 сағат сақтауға септеседі. Осылайша, трансплантологияның басты мәселелерінің бірі – ағзалардың сақталу уақытының шектеулігін шешуге көмектеседі.
Мұрат Зауыров, «Heart center foundation» ҚҚ директоры:
- Ол деген адам ағзасын 24 сағаттан жоғары уақыт бойынша зақымсыз сақтай алады. Қазақстан үлкен мемлекет болғандықтан, қалалардың қашықтығы өте үлкен. Сондықтан адам ағзасын тасымалдау өте күрделі. Осы құрылғы бізге көмек болады және шешім болады.
Қазір мұндай құрылғының Қазақстанда екі данасы бар. Жоба жетекшілері алдағы уақытта санын көбейтіп, қолданыс аясын кеңейтуге ниетті. Ол үшін арнайы өндіріс орнының ірге тасы қаланды. Жобаға «Қазақмыс» корпарациясы қаржылық қолдау көрсетіп отыр.
Арман Тілеукенов, «Қазақмыс» корпорациясы PR департаментінің директоры:
- Айта кету керек, бұл «Қазақмыс» үшін инвестициялық жоба емес, бұл – қайырымдылық жобасы. Одан кейін әрбір адамға үміт беру, одан кейін адами капиталды жалпы дамыту. Үмітіміз зор, келесі жылы бәріміз осы аймақта жиналып, осы үлкен класстердің, медициналық класстердің ашылуына бәріміз себеп боламыз деп ойлаймын.
Құрылыс келер жылдың маусым айында аяқталады. Нысан іске қосылса, 30 астам жұмыс орны ашылып, ағза алмастыру ісі ілгерлейтіні сөзсіз. Қазір құрылғыға алыс-жақын шет елдердің мамандары да қызығушылық танытып отыр.
Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Марат Дихамбаев