БҚО-да Мәдениет және өнер қызметкерлері күні атап өтілді
Батыс Қазақстан облысында былтыр 4 ауылда жаңа мәдениет үйі халық игілігіне пайдалануға берілсе, биыл 6 ауылда мәдениет үйі, 3 ауылда мәдени-спорттық кешен, екі аудан орталығында кітапхана салынады, деп хабарлайды 24kz.
Жеті нысан күрделі жөнделіп, Бөкей Ордасы ауданындағы Жәңгір хан кесенесі мен Хан мешітіне ғылыми реставрациялық жұмыстар жүргізілмек. Бүгін Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиында атқарылған істер сараланып, алдағы жоспар нақтыланды.
Мәдениет – ұлттық болмыстың мәйегі, халықтың ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан рухани келбеті. Қай елдің өнері мықты болса, сол елдің еңсесі де биік болмақ. Орал өңірінде аталған салада 6 мың адам қызмет етеді. Бүгінгі шараға шақырылған сала үздіктерін облыс әкімі Нариман Төреғалиев құттықтады.
Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында: «Мәдениет пен өнер – ел өміріндегі өте маңызды сала. Өнер – ұлттың жаны, ал мәдениет – рухани келбеті. Бұл қос құндылықты өркениетіміздің өзегі», - деген болатын. Жыл сайын мемлекет тарапынан мәдениет саласына қолдау көрсетіліп, мәдениет мекемелерінің инфрақұрылымын дамыту, материалдық-техникалық базасын жаңарту жұмыстары тұрақты жүргізілуде.
Салтанатты шара барысында Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі мен «Атамекен» халық би ансамбліне Мемлекет басшысының Құрмет грамотасы, «Атамекен» вокалды-камералық ансамблі мен эстрадалық-симфониялық оркестріне алғыс хаты табысталды. Күні кеше филармонияның өзіне академиялық мәртебе беру ұсынылған болатын. Бұл тек бір ұжым емес, өңір мәдениетіне көрсетілген құрмет екені даусыз.
Бауыржан Халиолла, Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония директоры:
- Енді кеше Мемлекет Басшысының аузынан шықты ғой жыл соңына дейін жүзеге асады деген. Жақсы жаңалықтың куәсі боламыз деген ойдамыз. Бұндай ұжымды марапаттау, мәртебе беру, сол ұжымның жұмысшыларының шабытын шыңдай түседі, еселі еңбегін елеу деген сөз.
Салтанатты шара барысында ерен еңбегімен танылған мәдениет майталмандарына облыс әкімінің алғыс хаты мен қаржылай сертификаттары тапсырылды. Жиын соңы мерекелік концертке ұласты.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Қ.Ақрап, Э.Аюпов