«Самұрық-Қазынада» отандық тауар өндірушілерді қолдау 25% артады
«Самұрық-Қазына» қоры отандық өндірушілерді қолдау көлемін арттырады, деп хабарлайды 24kz.
Жыл соңына дейін қазақстандық тауар өндірушілерді қаржыландыруды 25%-ке арттыру жоспарланған. «Мемлекеттік сатып алуларда, отандық өндірушілерге сөзсіз басымдық беріледі», - дейді қор өкілдері. Оның ішінде импортты алмастыратын өндірістер басты назарда.
Биылғы бес айда «Самұрық-Қазына» қоры отандық тауар өндірушілермен 433 млрд теңгеге келісімшарт жасасты. Оның ішінде импортты алмастыратын жаңа тауар өндірісіне басымдық берілген. Қордың сатып алу жүйесіндегі негізгі құралдардың бірі офтейк-келісімшарттар. Соның арқасында 150 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, 500-ден астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.
Николай Казутин, «Самұрық-Қазына» АҚ қорының басқарушы директоры:
- 2024 жылы «Самұрық-Қазына» компаниялары тобы отандық тауар өндірушілермен 1,1 трлн теңгеден астам сомаға келісімшарттар жасасқан. Бұл 2023 жылмен салыстырғанда 76%-ке көп. Ал 2022 жылмен салыстырғанда отандық тауар өндірушілерден сатып алу көлемі 7 есе өсті. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 25%-ке өседі деп жоспарланған.
Қордың ережелерінде отандық тауар өндірушілерді қолдауға арналған 16 шара қарастырылған. Олардың ішінде ұзақмерзімді офтейк-келісімшарттар жасасу, жеткізушілер үшін жедел төлем және алдын ала төлем жасау қызметтері бар.
Нұрлан Шәріпов, «Самұрық-Қазына» ЖШС бас директорының орынбасары:
- Біздің алаңда мемлекеттік сатып алулардың барлық кезеңі автоматтандырылған. Ол жоспарлаудан бастап акттердің жасалуына дейін бәрін қамтиды. Жүйе конкурсқа қатысушыларға бақылау жүргізіп, қателіктер мен заңбұзышылықтарға жол бермейді. Өтініш беру мен жобаны іске қосу арасы 30 күн. Іріктеуден өткен отандық тауар өндірушілер 20 жылға дейін офтейк-келісімшарт жасаса алады.
Осылайша, «Самұрық-Қазына» Қазақстанда баламасы жоқ жаңа өндірістер құруды ынталандырады. Соңғы жылдары импортты алмастыратын тауарларға сұраныс 5 есе өсті. Бүгінде елде өндірілмейтін 16 мыңнан астам өнім тізбесі құралған. Олардың жалпы құны 547 миллиард теңге. Қор осы бағыттта өндірісті ашамын деушілерді қолдауға әзір.
Авторлары: Ғазиза Мұхамеджанова, Ырыстанбек Оспанов