Ұлытау облысында 4500 оқушы мектеп табалдырығын алғаш аттады

Ұлытау облысында 41 мың бала жаңа оқу жылын бастады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың 4,5 мыңы 1-сыныпқа барды. Бүгін өңірдегі 87 мектепте алғашқы қоңырау соғылып, оқушылар мен ұстаздар Білім күнін атап өтті. 

Жасы 80-нен асқан Бейбіт Әукенова үшін 1 қыркүйек – ерекше мейрам. Ұрпақ тәрбиесіне аса мән беретін зейнеткер немерелерін жетелеп жүріп өсірген. Енді, міне шөбересін де 1-сыныпқа өзі ертіп келді.

Бейбіт Әукенова, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Бата береді ғой, шөбере көр, шөберенің қызығын көр деп. Сол шөберені мектепке жетектеп әкеліп отырмын. Бақытты болсын.

Облыс орталығындағы №8 гимназия «білімнің қара шаңырағы» аталып кеткен. Мұнда 1500 оқушы білім алады. Оның 180-і бүгін мектеп табалдырығын алғаш аттады.

Облыста жекелеген пәндер бойынша мұғалімдер тапшылығы сезіледі. Олқылықты толтыру мақсатында жүйелі жұмыстар қолға алынған. Тек биылдың өзінде аймақта 77 жас педагог жұмысқа қабылданды. Солардың бірі – Әсем Бекенбай.

Әсем Бекенбай, бастауыш сынып мұғалімі:

- Әрине, толқыныс бар. Бірақ өзімде шабыт, энергия бар кезде әрдайым оқушыларыма өзімде барды берем деген ниетім бар. Құдай қаласа, оқушыларым алдағы уақытта биіктерден көрінсін деп тілеймін.

Биыл облыстың шалғай ауылдарындағы мектептерге оқушылар автобусы берілді. Бастауыш сынып оқушылары түгелдей ыстық тамақпен қамтылады.  Ал білім ордаларының техникалық базасын нығайту мақсатында 1,8 млрд теңгеге 47 мектеп жөндеуден өтті. 

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева.