Шымкентте мектептердің қауіпсіздік деңгейі тексерілді
Шымкентте білім күні қарсаңында мектептердің қауіпсіздік деңгейі тексерілді.
Директор мен күзет қызметкерлерінің оқыс оқиғаларда алғашқы әрекеті пысықталып, әзірліктеріне баға берілді. Жалпы білім беру ұйымдарының қауіпсіздік жүйесі полиция департаментімен бақылауға алынған. Барлық оқу ордасына дабыл батырмасы орнатылып, бейнекамерамен жабдықталды.
Шымкенттегі №1 мектеп-гимназиясының қауіпсіздік жүйесі соңғы тексерістен өтті. Шұғыл көмек шақыруға арналған әр қабаттағы дабыл батырмасының жедел басқару орталығымен байланысы жетілдірілді. Сондай-ақ мектепте білім алатын 3 мыңнан астам оқушыны бет-әлпет арқылы тану турникеті орнатылды.
Анар Аманқұлова, мектеп директоры:
- Турникетпен бұлар «Face контроль» деген бар. Балалардың беттерін көріп өткізеді және олардың карталары бар. Сондай-ақ қолдарының ізі бойынша өтеді.
Қаладағы 246 білім беру мекемесінде 2 600-ден аса бейнекамера бар. Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов шұғыл сигналға жедел әрекет етуі тиіс полицейлердің жұмысын бақылады. Департаменттің жаңадан тағайындалған басшысы Думан Таевқа қауіпсіздік жүйесін жетілдіруді тапсырды.
Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:
- Біздің талаптар мен ережелерге сай бүкіл мектеп экранға шығу керек. 25 камераның бәрі қосылып, сол жерде қандай қауіп бар екенін, қай жерге қанша күш жұмылдырылу керек екенін анықтайтын интелектуалды камераларды көбейту керек.
Ведомства басшысы қала активінің жиынына қатысты. Әкімдіктік тарапынан атқарылып жатқан мектеп маңындағы жол инфрақұрылымын жақсарту, жаяу жүргіншілер өткелін көбейту сияқты жобаларға куә болды.
Мұрат Әйтенов, қала әкімі:
- Қаламызды қауіпсіз қала жасауға үлкен жоспар жасап жатырмыз. Әр жылда біздің осы бағытта бөлініп жатқан қаражат екі есеге ұлғайып жатыр. Өзіңіз атап өткен мәселелердің бәрін қолға алып, жасаймыз.
Қала мектептерінің қауіпсіздігі мен білім берудегі жайлылық күн тәртібінен түспейді. Демографиялық өсімі жақсы шаһарда биыл бірінші сыныпқа 28 мыңнан астам бала барады.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы