Теміртаулық машинист «Еңбек даңқы» орденіне ие болды
Елімізде қаракетімен көзге түскен металлургтер жетерлік.
Олар кенді қабылдаудан бөлек, балқыту мен ұнтақтау жұмыстарын жүргізеді. Қайнап жатқан металдың жанында тұрып, 12 сағат бойы тапжылмай еңбек етеді. Солар бірі – Теміртаулық машинист Сергей Валов. Қызметіне адалдығының арқасында І дәрежелі «Еңбек даңқы» орденіне ие болған.
Сергей Валов – Теміртау қаласының тұрғыны. «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорнында 40 жылдан бері абыройлы жұмыс істеп келеді. Әкесінің жолын қуған ол мамандық таңдаудан жаңылмадым дейді.
Сергей Валов, машинист:
- Кокс көлігінің машинисі мамандығы бойынша білім алдым. Бірден жұмыс істеуге кірістім. Анам үй шаруасында, ал әкем экскаватор көлігін тізгіндеген. Ол да машинист болды. Әкемнің жолын қусам деген ниетпен осы мамандықты таңдадым. Шынымды айтсам, еш өкінбеймін.
Ол еңбек жолын алғаш Кокс цехындағы төртінші бригададан бастаған. Кейін әскерге барып, азаматтық борышын өтіп келді. Елге оралған соң қызметіне адал азамат, әрі қарай цехта жұмысын жалғастырыпты. Ал бүгінде ірі кәсіпорында сұйық әрі қатты отынды қыздыру арқылы өңдеу ісіне жауап береді. Көзге көріне бермейтін болса да, жұмысы аса ыждағаттылық пен ептілікті талап етеді.
Сергей Валов, машинист:
- Мен жұмыс істейтін ұжым өте тату және ұйымшыл. Біздің бригадада 40-қа жуық адам бар. Әрқайсымыздың жұмысымыз өте жауапты. Бір-бірімізге қолдау көрсетіп, білгенімізбен бөлісіп отырамыз. Жас маман келсе, көмектесуге тырысамыз және қолайсыз ауа райына қарамастан еңбек етуді тоқтатпаймыз. Себебі ісіміз өте жауапты.
Мамандығы қиын болса да, күннің ыстық-суығына қарамай, еңбек ете беретін Сергей биыл І дәрежелі «Еңбек даңқы» орденіне ие болды. Оның есімі Металлургтердің кәсіби мерекесі күнінде ұлықталды. Еңбектің еленгені осы болса керек.
Авторы: Альмира Оразбай.