Жезқазғанда қала күні тойланды
Жезқазған қаласына 69 жыл. Үлкен Жезқазған кеніші аумағында бой көтерген жұмысшылар кентіне қала мәртебесі 1954 жылы берілді.
Осы аралықта қарыштап дамып, экономикасы кенжелеп қалған кездері де болды. Қазір мысты шаһар жаңадан құрылған Ұлытау облысының орталығы саналады. Қала күніне арналған мерекелік шаралар бір аптаға созылып, ауқымды концерттік бағдарламамен түйінделді.
Зибатқали Ыстыбай – ардагер құрылысшы. Жезқазғандағы зәулім ғимараттардың құрылысында қолтаңбасы қалған. Ширек ғасырға жуық құрылыс техникумында ұстаздық етіп, мыңдаған шәкірт тәрбиеледі. Қала күніне орай марапатқа кенелді.
Зибатқали Ыстыбай, қала тұрғыны:
- Облыстың орталығы болуына байланысты қазір жаңадан құрылыстар салынып, жаңадан үйлер салынып, жақсарып келе жатыр. Жезқазған қаласының дамуына жастар үлес қосуы керек. Солардың арқасында қала гүлденеді, көркейеді, келешектері көркем болады.
Жезқазғанның жаңа дәуірі басталды. Ширек ғасырдан соң облыс орталығы мәртебесін қайта алды. Тұрғындардың қала күнін шат-шадыман күйде қарсы алуының бір себебі – осы.
Шүкір Молдағалиева, қаланың құрметті азаматы:
- Жезқазған қаламызды қатты жақсы көреміз. Көп жылдан бері тұрамыз. Осы қаланың өсіп-өркендеуіне, жастардың тәрбиесіне, мынау қазақ еліміз жаңарып, жақсарып келе жатыр дейміз ғой. Біздің Жезқазған қаламыз да жаңарып, жасарып келе жатыр. Біз соған қуаныштымыз. Енді, менің ойымша, Жезқазған көп кешікпей Ұлытау облысындағы ең таза, ең әдемі, ең жас қала болатынына сенімдіміз.
Күнсұлу Жетпісбаева, қала тұрғыны:
- Бүгін – біздің сүйікті Жезді қаламыздың туған күні. Тарихы тереңде жатқан Жезқазғанға әрқашан жалындаған жастардың қаласы болса екен деген тілегім бар. Дамиық, өркендей берейік.
Биыл қала күні кең көлемде тойланды. Шаһардың өсіп-өркендеуі жолында еселі еңбек еткен азаматтардың өмір жолын үлгі ету мақсатында тәрбиелік кездесулер ұйымдастырылды. Ал гала-концертте қазақ эстарадасының жұлдыздары өнер көрсетті. Мерекелік шара әсем отшашумен түйінделді.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева.