Семейде қала күні кеңінен тойланды
Семейде қала күні 3 күн қатарынан тойланды.
Биылғы мерекелік шаралар жылдағыдан ауқымды, өзгеше. Ұйымдастырушылардың айтуынша, қала тұрғындарының назарына 20-ға тарта бағдарлама ұсынылған.
Астана, Алматы, Ақтөбе қалаларынан кейін Семейде жалауы желбіреген сайысқа 500-ге жуық велосипедші жиналды. Нидерланды Корольдігінің Қазақстандағы Елшілігінің ұйымдастыруымен өткен велошеруге қатысушылар 10 шақырым жүріп өтті.
Мәди Мұхитұлы, оқушы:
- Осы жарыстан орын алып немесе сыйлықтар алмасам да, өзімнің денсаулығым жақсы болады. 10 шақырымнан өкпең тазарады. Аяғың қозғалады. Қозғалыссыз үйде жатқаннан гөрі жақсы дегенім ғой.
Андре Карстенс, Нидерланды Корольдігінің ҚР Төтенше және Өкілетті Елшісі:
- Велотур – денсаулық кепілі, қимыл-қозғалыс. Адамдарға қуаныш сыйлайды. Бұл шара қаланың инфрақұрылымын нығайтуға, жолдардың жақсаруына әсер етеді деп ойлаймын.
Қала күнінде ерекше қажеттілігі бар балалар да назардан тыс қалған жоқ. Олар «Аман келешек» фестивалін тамашалады. Танымал ауыр атлет Илья Ильинмен бірге таңғы жаттығуға қатысты.
Әсемгүл Қуанбаева, қала тұрғыны:
- Бүгінгі бағдарлама өте ауқымды. Балалардың спорттық жағынан және де шығармашылық жағынан дамуына үлес қосатын шаралардың бірі деп ойлаймын. Абай облысы болып, халқымыз қуанып жатырмыз. Осындай көптеген іс-шаралар республика деңгейінде де, қала деңгейінде де, облыс деңгейінде де орын алып жатыр.
«Үздік кондитер» байқауында ұзындығы 20 метрлік торт дайындалып, келушілердің назарына ұсынды.
Сәуле Ахметжанова, байқауға қатысушы:
- Абай атамыздың «Қара сөздерін» жастарымызға арнап, патриоттық сезімдері оясын дегендей. Кітаптарын ұмытпасын, қазір бәрі интернетте ғой. Білімнің бәрі кітапта. Соны ұмытпасын дегендей қылып жасадық.
Нұрбол Нұрсағатов, қала әкімі:
- Президенттің Жарлығымен Абай облысы бөлінді. Семей, міне, облыс орталығы болды. Сондықтан да осы жылы біз қала күнін тойлауға үлкен маңызды істерді жасап жатырмыз. Қаланың бас жоспарын дайындап жатырмыз. Қалада жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Әлі де біткен жоқ. Келесі жылға да жоспарларымыз бар. Тиісті құжаттарды дайындап жатырмыз.
Ал Ертістің жағалауында өткен пончикті шапшаң жеу жарысына бұрымдылар да қатысты. «Семей батыры» бәсекесінде білекті жігіттер күш сынасса, «Күзгі феерия» фестивалінде жас таланттар өнерін ортаға салды. 3 күнге созылған қала күні отандық эстрада жұлдыздарының гала-концертімен түйінделді. Open air форматындағы кеш мерекелік от шашумен аяқталды.
Авторлары: Азамат Қасым, Медет Өмірханов.