Қызылордада Неке сарайы мен «Анаға тағзым» орталығы ашылды
Қызылорда облысының 85 жылдығына орай қалада Неке сарайы ашылды.
Жас жұбайлар енді сәні мен салтанаты жарасқан ғимаратта некесін қидыра алады. Сонымен қатар аймақ мерейтойына тарту ретінде «Анаға тағзым» орталығы да ел игілігіне тапсырылды. Сәулетті ғимаратта ұлттық құндылықтар дәріптеліп, салт-дәстүрлер кеңінен насихатталмақ.
Қайта жаңғыртудан кейін алты жолақты даңғылға айналған Сұлтан Бейбарыс атындағы көше бойында орналасқан Неке сарайы жас жұбайларға шаңырақ құру сәтінде ерекше қуаныш сыйлап, олардың қызықты сәтін есте қалдырады. Мұнда неке қиылып қана қоймай, жастарды отбасылық өмірге бейімдеу, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және тұрғын үй кезегіне тұру жөнінде кеңес беріледі.
Жандос Мінажаддинұлы, қала тұрғыны:
- Іші кең, жарық екен. Келген бойда атмосфера күшті болды. Осындай нысанда неке қидырғанымызға қуаныштымыз.
Қиын-қыстау кезеңдерде қажырлы еңбегімен елді асырап, Еңбек Ері атанған 12 ақ жаулықты әзиз жанның ізбасарлары бүгін де жетерлік. Қолынан іс келетін, жаңаша ұлттық брендтерді ойлап тауып, кәсіпкерлікті дамытуға үлес қосатын қыз-келіншектердің басын қосатын Анаға тағзым орталығында ұлттық құндылықтар дәріптеліп, салт-дәстүрлеріміз насихатталатын болады.
Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
- Ана бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді деп құрметтейміз. Біз үшін жер де – ана, ел де – ана, табиғат та – ана, Отан да – ана, тіл де – ана. Осының бәрі Ананың жүрек лүпілімен мәңгілік тұтастық үйлесім тапқан. Аналарымыздың құрметіне бой көтерген «Анаға тағзым» орталығы аймақ жұртшылығына атымтай жомарттығымен танымал, белгілі кәсіпкер Дүйсенбаев Марат Базарбайұлының 1,7 млрд теңге демеушілігімен салынды.
«Анаға тағзым» орталығы ғимараты ішінде жуық арада «Әйелдердің креативті индустрия орталығы» өз жұмысын бастайтын болады.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Ақан Әлиев.