Биыл «Самұрық-Қазына» Қоры қайырымдылық жобаларына ₸10 млрд бөлді

Қамқоршылық кеңес іріктеген 33 жоба мақұлданды.

Іске асқан ауқымды жобалардың қатарында «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы, ерекше балаларға арналған жазғы лагерь және «Мектепке жол» акциялары бар. Нәтижесінде 454 мыңнан астам азамат әлеуметтік қолдаумен қамтылды, оның 22 мыңы – бала, 81 мыңы – ауыл халқы.

Биыл QSamruk онлайн-платформасы жетілдірілді. Бастапқыда тек Қор компанияларындағы жұмыс орындары ұсынылса, бүгінде нарықтағы 530 компания онда өзінің бос жұмыс орындарын жариялап отыр. Сондай-ақ кадр саясатына қатысты ауқымды жұмыс жүргізілген.

Ғибрат Ауғанов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры:

- Былтыр барлығы 17 мыңнан астам бос орын жарияланса, биыл оның саны 8 айдың ішінде 13 мыңнан асып кетті. Сол вакансияларға 127 мыңнан астам адам өз кандидатурасын ұсынған. Сонымен қатар біз кейбір лауазымдарға үміткерлерді жұмысқа аларда полиграфтан тексереміз. 8 айдың ішінде 2023 жылда 99 үміткер полиграф арқылы өткен еді, оның 64-і сынақтан өтпеді.

Қор өндірістік кәсіпорындарда шиеленістер мен наразылық жағдайларының алдын алуға мән береді. Ол үшін тәулік бойы қызмет ететін мониторинг орталығы іске қосылды.

Ғибрат Ауғанов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарушы директоры:

- Жұмысшылардың шағымдары, өтініштері болса, «Нысана» байланыс орталығы арқылы жолдай алады. Ол 24/7 режимінде жұмыс істейді. Шағымдар мен өтініштерді 5 байланыс арнасы арқылы жолдауға болады. Ең бастысы, барлығы анонимді.

Байланыс орталығына осы уақытқа дейін 14 мыңнан астам хабарлама түскен. Оның 1 мыңы әлеуметтік-еңбек мәселелеріне қатысты. Мониторинг оң нәтиже бере бастаған. Мәселен, биыл ереуілдер саны былтырға қарағанда 5,5 есе азайған.