Астанада Абай облысының жәрмеңкесі өтіп жатыр
Күннің көзі көтерілгеннен елордалықтар жәрмеңкеге ағылды.
Бүгін Абай өңірінің шаруалары жергілікті тұрғындарға 120 тонна азық-түлік әкелді. Ауылдың таза өніміне сұраныс жоғары. Құны да базар бағасынан біршама арзан. Сапасы да жақсы дейді тұрғындар.
Бұл - елорданың оң жағалауында тоқшылық тойы. Абай облысынан 150-ге жуық шаруақожалық келіп, өз өнімдерін жергілікті жұртшылыққа ұсынды. Сөреге 20-ға жуық азық-түлік өнімі қойылды. Әсіресе ет пен балға сұраныс жоғары. Көкөніс пен сүт өнімдерінің де саудасы қызып тұр.
Ертай Қуанбаев, Абай облысы ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқарма басшысының орынбасары:
- Абай облысы таза, табиғи жайылымдық жерден шыққан мал өнімдері: ет, сүт, шұжық, сүт өнімдері, өсімдік, қарбыз-қауын тағы басқа барлық өнімдердің түрлері келіп отыр. Бағалары нарықтық бағадан 20-25 пайызға төмен. Тиімді, қолайлы ұсыныспен ұсынамыз.
Жәрмеңкеге жиналған жұрттың қарасың қалың. Көпшілік қолайлы баға мен сапалы өнімдерді жоғары бағалады. Сөреге қойылған өнім түрі де көп. Талғамға сай таңдап алуға мүмкіндік бар.
БЛИЦ:
- Баға деген тамаша. Мысалы жай күні алсаң 3700-ден аласың жылқының етін. Ал мына жерде 2500-ден беріп жатыр. Жалпы баға өте халыққа қонымды, шыны айту керек оның.
- Қазы алдық. Қойдың еті, жылқының еті. Сапасы нормальный былайша айтқанда.
- Бағалары өте жақсы, бағалары жақсы қолайлы. Және таңдауға көп заттарды таңдап алуға болады, тамақтарды. Сапасы өте жақсы.
Абайлықтардың Астанаға тартуы ертең де жалғасады. 50-ден аса жүк көлігіне тиелген табиғи өнімдер жергілікті тұрғындарға ұсынылады.
Бекзат Аманов, Руслан Әлиев