Білікті ұстаздар миллионер атанды
Елордада ұстаздар күніне орай үздік педагогтарға миллион теңгеге табысталды.
Сонымен қатар білім саласының ардагерлеріне де құрмет көрсетілді. Білім бәйгесінің жеңімпаздарын тәрбиелеген мектептер де марапатталды.
2 алтын, 3 күміс және 1 қола. Бұл – елордадағы №46 мектеп-гимназиясы оқушыларының республикалық пәндік олимпиадада жеткен жетістігі. Бұдан бөлек, оқу ордасының 30-ға жуық түлегі биыл Австрия, Швейцария және Германия мемлекетінің жоғары оқу орындарына грантқа түсті. Сала серпілісіне қосқан үлесі үшін білім ошағы Астананың үздік мектебі атағын жеңіп алды. Арнайы жүлдені қала әкімі Жеңіс Қасымбек табыстады.
Роза Қасқабаева, «№46 балабақша-мектеп-гимназия» кешені» КММ директоры:
- Бізде жүзеге асып жатқан халықаралық жобалар бар. Өнер саласына мән беріледі. Оқушылар мектепте авторлық жұмысын бастайды. Сондай-ақ Париж, Милан сахнасында өнер көрсетеді.
Жиында оқушылары пәндік олимпиадалардың жеңіс тұғырынан көрінген педагогтарға медаль табысталды. Ұзын ырғасы 34 ұстаз құрметті атаққа ие болды. «Үздік ұйым» атағын жеңген 3 мектепке 10 млн теңге үлестірілді. Сонымен қатар білім беру саласының ардагерлері мен өзге өңірлерде ерекше көзге түскен оқытушыларға да құрмет көрсетілді.
Авторлары: Бекзат Аманов, Арман Ақшабаев.